Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен байқау Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдығына арналып отыр.
Байқаудың мақсаты – композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
Байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер Ш.Қалдаяқовтың, екінші кезеңде Түркістан облысы композиторларының әндерін шырқады. Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасының аудан, қалада өткен бірінші кезеңіне 200-ге жуық үміткер өтініш білдіріп, оның ішінен 56 үміткер облыстық байқауға жолдама алған болатын. Өнер бәйгесіне 15 - 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты.
Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар. Байқаудың биылғы жетістігі ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған "Тыңда мені, достарым" сынды әндер бар.
1992 жылдан бері дәстүрге айналған бұл байқаудан елімізге танымал Шакизада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұрлыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжазира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, Нұржан Жүсіпбеков, Мәдіхан Дүйсеев, Ахынбеков Руслан, «Сарын» тобы сынды өнер иелері қанат қаққан.
Ұлы тұлғаның бірегей өнер жолын дәріптеуге арналған байқауға қатысқан 21 өнерпаз ақтық кезеңге жолдама алды. «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының қорытынды додасы ағымдағы жылдың 15 тамыз күні Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, жеңімпаздарды марапаттау және гала-концерт кешкі сағат 19:00-де «Түркістан» сарайында өтеді.