Қасиетті «Қоңыр әулие» үңгірі

Dalanews 29 шіл. 2017 06:24 755

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 12 сәуірі күні жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласы қазақ қоғамының жаңғыруына жаңаша серпін бергенін көзіміз көруде. Ел дамуының бағыт-бағдарын айқындаған мақалада Президент қазақ жастары арасында отансүйгіштік қасиетті қалаптастыруда «Туған жер» жобасын ұсынған болатын. Елбасы аталған жоба жайында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», – деп туған жердің адам өмірінде айрықша маңызға ие екенін атап өткен-ді. Туған жерін мақтан тұтпайтын адам кемде-кем. Мемлекет басшысының көпшіліктің көкейінен орып тұрып орын алған осы пікірі, қазір халық тарапынан айрықша қолдауға ие болуда.

Президенттің осы бір маңызды бастамасынан кейін қойнауына түрлі сыр бүккен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлерге көңіл бөлініп, осы бір маңызды нысандар арқылы жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Еліміздің абырой-беделін асқақтататын сондай маңызды жұмыстардың бірі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында қолға алынды. Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбаевтың кіндік қаны тамған Қарауыл өңірі Қазақстандағы мәдени-рухани туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі десек қателеспейміз. Абай атамыздың рухына тағзым ету үшін Жидебайға еліміздің түкпір-түкпірінен қысы-жазы халық ағылып келіп жатады.

Енді сондай көп халық баратын мәдени-рухани нысандардың қатары «Қоңыр әулие» үңгірімен толыға түспекші. Қарауыл ауылынан 70-80 шақырым қашықтықта жатқан қасиетті үңгірге апаратын жол жөнделініп, электр қуаты тартыла бастады. Бұл өз кезегінде Абай ауданының туристік тартымдылығын арттыра түсетіні анық.



«Қоңыр әулие» үңгірі – Шыңғыстаудың сырт жағында, Шаған өзенінің бойындағы Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырымдай жердегі Ақтас тауында орналасқан. Қоңыр әулие үңгірі табиғи құбылыстың негізінде пайда болған. Ақтас тауында орналасқан үңгірдің ауызғы қуысы сырттан қарағанда елеусіз көрінеді. Тас үңгірдің ауызы Шаған өзенінен 500 метр жерден басталады.  Ені 80 метр, биіктігі 1,5 метрдей болатын жіңішке дәліз арқылы кіргенде кеңейіп сала беретін үңгір бітісі әртүрлі пішін ала отырып төменге беттей береді. Жіңішке дәлізбен солға бұрылғанда үңгір кеңейген. Үңгірдің оң қанатынан қуыстар ерекшеленіп көрінеді. Бұрын осы қуыстарда  шалқалай жатқан әйел затының тастан қашалған мүсіні болған. Сонымен қатар, қариялардан жеткен сөзге сенсек, осы қуыстарда ертеде 15-ке таяу балбал тастардың болғанын айтады.

Үңгірмен әрі жүрсеңіз үңгірдің төбесі көтеріле береді де, дәлізден кейінгі бөлме төбесі шаңырақ кейпін келтіріп тұрады. Аспан көрінердей кең шаңырақ орынын қалың қатпар тас жауып тұр. Үңгір ішімен бойлай бергенде тас жолдар күрт төмендеп, кесек тастар тіктеп, үңгір көліне бастап келеді.

Көлдің көлемі жер асты суы деңгейінің құбылуына байланысты өзгеріп отырады. Оның ұзындығы – 25 м, ені – 10 метр, суы – мөлдір, тұщы. Көл суының кереметі туралы ел ішінде сан түрлі әңгімелер айтылып жүр. Көл суы жылдың төрт мезгілінде де бір температурада болады. Қазіргі кезде көлді қасиетті орын деп келетіндер арасында суына жуынып, тәу ететіндер саны жылдап артып келеді.

Үңгір түбінде көлемі 35х5 метр болатын екінші көлдің бар екендігін осыдан 5,6 жыл бұрын ғалым, профессорлар зерттеп, айтып кетіпті. Ол кісілердің айтуынша Қоңырәулие түбіндегі көл жерасты теңізімен байланысып жатыр дейді.

«Қоңыр әулие» үңгірі суының қасиетімен ғана емес, өз атауына байланысты айтылатын тарихи оқиғаларға да бай. Қариялардың айтуынша, үңгірдің ішінде Абай атамыздың есімі арапша жазылған тас болған. Ал, сыртында Сәбит Мұқанов, Мұхтар  Әуезовтің есімдері жазылған тастары тұрған екен. Бірақ кейіннен бұл тастар әртүрлі себептермен жоғалып кеткен.

Деректерге сенсек Абай атамыз бұл үңгірге жиі келіп тұрғандығы көп айтылады. Ақынның Петербордан келген ұлы Әбішті бір топ жолдастарымен сергіп қайту үшін «Қоңыр әулиеге» жіберуі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» атты тарауында кеңінен баяндалған.

Әбіш тас мүсінге көз салып: «Әулие мінекей! Мынау төсекше қашалған тасты көріңдерші. Мынау бас, мынау иық кескіні! Ұзын дене, бойы былай кетеді» – депті қасындағы Мағауия мен Кәкітайға қарап.Үңгірден шыққан соң Әбіш пен жолдастарына Абайдың ақын інісі Көкбай Жанатайұлы үңгір тарихы туралы бір оқиғаны баяндап берген.

Жоңғарлар қазақтардан қорғану үшін осы «Қоңыр әулиені» паналаған. Абылайдың қолы Арқаны бойлап, қуа соғысып келе жатқанда қалмақ қолынан тұтқиылда қатты соққы көреді. Үңгірге кіріп бекініп алған қалмақтар бұларға алғызбай қойған екен. Сол кезде Абылайдың қойған шарттарына сай жаудан айласын асырып, жеңіске жеткен Қаракерей Қабанбай батыр дәл осы жерде «Дарабоз» атанады.

Тіпті кей деректерде тарихи тұлға Шыңғыс ханның жерленген жері де осы «Қоңыр әулие» үңгірі деп те айтылады. Үңгір түбіндегі көлдің ішінде құпия есік бар, сол есік тау астындағы кең үңгірге апарады. Сол жерде Шыңғысхан жерленген деген де ел ішінде болжамдар бар. Бұл тарихи аңыз.

Абай ауданының жастары жоғарыда айтқандай түрлі аңыз әңгімелерді естіп, өскені белгілі. Жергілікті билік орындары маңызды мәдени-рухани кешенге апаратын жолды жөндеп, электр қуатын тартуы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыдан жаңғыруына ықпал ететін маңызды оқиға деп есептеймін. Бұл ретте қолына қалам ұстаған азаматтар қарап жатпай, осындай жұмыстардың қызу жүріп жатқанын облыстық, республикалық ақпарат құралдарында жазып, ауданымыздың туристік тартымдылығын арттыра түсуге үлес қосса деген тілегім бар. Мұндай насихат жұмыстары жастардың өзінің туған өлкесін тануға деген ықыласын оятып, бойында отансүйгіштік қасиетті дамытатыны сөзсіз. Сондықтан жер-жерде қолға алынған мұндай маңызды жұмыстарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жобасы» аясында кең көлемде насихаттап, рухани тұрғыдан жаңғыруымызға өз үлесуімізді қосуымыз қажет.

 

Айжан ИМАНТАЕВА, ұстаз

Қарауыл ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x