Бағытымыз «жасыл экономика»
Мемлекет басыны Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялаған Жолдауында «Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатыр. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуіріне қадам басуда. Энергияның жаңартылатын көздері жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады. Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады», – деп атап өткен болатын.
Елімізде көмірсутектің ауқымды қорын иеленгеніне қарамастан, Қазақстанның «жасыл экономиканы» дамытып, бұл бағыттағы перспективалық басымдықтарға қатысты ұстанымын барынша айқындаған. Сонмен қатар, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетіні де Қазақстанға «жасыл экономиканы» өркендетуде үлкен жауапкершіліктерді артыра түсіруде. Осыған орай, Мемлекет басшысы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі арнайы тұжырымдама әзірлеп, ел Үкіметінің маңызды іске тастүйін кірсіп кетуінен көп үміт күтуімізге болады.
Әлем не істеп жатыр?
Қазір дүниежүзінің 50-ден астам елі дәстүрлі емес қуат көздері мен жел энергетикасын дамытуды реттейтін заң қабылдап, бұл бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Мұндай ертеңін ойлайтын елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Біздің бұл бағытта арнайы заң қалбылдап, бел буып, білек сыбана кірісуімізге ЭКСПО халықаралық көрмесі айтарлықтай қозғау салғаны анық. Алдына үлкен мақсат қойған Қазақстан таяу болашақта дәстүрлі емес қуат көзін дамытқан АҚШ, Қытай, Испания, Норвегия, Германия, Бразиялия және Үндістан сынды жетекші елдердің қатарынан көрінетін күн де алыс емес.
Бүгінде ЕуроОдақ 2020 жылға дейін баламалы қуат көзінің 20%-ға, ал 2040 жылы 40%-ға дейін көтеруді көздеп отыр. Мамандардың есебінше, қазірдің өзінде жер шарындағы 50 миллион үй өзіне қажетті қуат көзін баламалы қуат көздерінен алуда.
Әлемдік нарықта соңғы уақыттар жел электр стансаларының үлесі 30%-ға ұлғайса, фотоэлектрлік,яғни, күн көзінен қуат алатын бағыт 50%-ға дейін артқан. Қазір дамыған елдер дәстүрлі емес қуат көзін дамытуға жыл сайын 100-150 млрд. долларға дейін қаржы бөліп отырғанынан көп жайтты аңғаруға болады.
Іргедегі көршіміз Қытай алдағы уақытта дәстүрлі емес қуат көздерін ЕуроОдақтан артық өндіріп, қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттарды азайтуға баса мән беріп отыр.
Отандық жобалар
Қазақстанда дәстүрлі емес қуат көздері енді ғана дамып келеді. Қазіргі таңда баламалы қуат көзінің Қазақстандағы үлесі бар болғаны 0,4%-ды құрайды. Мамандардың айтуынша, елімізде «жасыл экономиканы» дамыту ісі қаржы мен замануи технологияларға тікелей байланысты.
Ең бастысы Қазақстанда дәстүрлі емес қуат көздерін дамытуға кеңінен жол ашатын заңнамалық базаның қалыптасқанын айрықша атап айтуға болады. Осы ретте еліміздің Орталық Азия елдері арасында бірінші болып көмірқышқыл газын аз шығаратын эконмика құруға бет бұруы алға қадам басудың көрінісі емес пе?
ЭКСПО-2017 қарсаңында ғалымдарымыз Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында елімізде тұңғыш рет токомак термоядролық реакторын іске қосып, Қазақстанның энерегетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам жасады. Сол сияқты Қазақстан ғалымдарының халықаралық тәжірибелік термоядролық реакторды дайындаудағы ғылыми зерттеу жұмыстарға қатысуын Қазақстанның энергетикалық технологияларды дамытып жатқан ірі елдерімен технологиялық трансферт пен білікті маман даярлау ісінің көкжиегін кеңейте түсетіні анық. Бұдан басқа Назарбаев Университеті мен Ұлыбританияның Сент-Эндрюс университетімен бірлесіп, жоғарытиімді күн батерияларын жасауға қатысуы болашақта елімізде дәстүрлі емес қуат көзін дамытуға негіз болатын бастама деп айтуға болады.
Осы ретте Д.Қонаев атындағы тау-кен ісі ҒЗИ директоры Николай Сәдуақасов қатты жел ағынынсыз-ақ тиімді жұмыс істейтін қондырғы құрастырып, дүниежүзінің назарын Қазақстанға аударуы үлкен жетістік деп айтпасқа лажымыз жоқ. Дамыған Еуропа елдеріндегі жел қондырғылары жылына 2500-3000 сағат жұмыс істесе, біздің ғалымның ойлап тапқан қондырғы жылына 6000-7000 сағат жұмыс істейтінімен ерекшеленуде. Бүгінде ЭКСПО көрмесінде жұртшылық көпшілік назарына ұсынылып, шетелдік меймандардың қызығушылығын туғызуда.
ЭКСПО көрмесі қазақ ғалымдарының баламалық қуат көзін өндіретін замнауи қондырғылар жасауына барынша ынталандыра түскені анық. Мұны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымы Хайролла Байшағировтың диффузорлы жел электр қондырғысын жасап шығарғаны сөзімізге айқын дәлел бола алады. Қазіргі таңда мұндай жел электр қондырғысына АҚШ пен Жапония ғана қол жеткізгенін ескерсек, қазақстандық ғалымның қандай іске тәуекел етіп, қаншалықты еңбек еткенін байқауға болады. Әлемде диффузорлы жел электр қондырғыларының төртеу екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, отандасымыз ойлап тапқан диффузорлы жел электр қондырғысының өзіндік артықшылығы бар. Ең бастысы қазақстандық қондырғы тез құрастырылатынымен және жеңіл болуымен ерекшеленуде. Мұндай қондырғыларды жолы нашар аймақтарға оңай жеткізуге болады екен.
ЭКСПО туристерінің назарына ұсынылған отандық новатордың сутегімен жұмыс істейтін генераторы да қонақтардың көзайымына айналды десек болады. Жоба авторы «ҚазСтандарт» серіктестігінің директоры, ғалым-өнертапқыш – Диас Оралов. Оның генераторын көлік құралдары мен жылыту жүйелеріне орнатып, кеңінен пайдалануға болады екен.
Бүгінде өнертапқыштың жұмысына Оңтүстік Кореяның көлік құрастыратын KIA концеріні құда түсіп, келсім-шартқа қол қойған. Алдағы уақытта қазақ ғалымы ойлап тапқан генаратор KIA көліктеріне орнатылмақ. Сутегімен жұмыс істейтін генератор әдеттегі қозғалтқышқа қарағанда жанармайды 20-40%-ға үнемдесе, генаратордың жұмыс істеу мерзімін 30%-ға дейін арттырып, мотордың күшін 25%-ға дейін ұлғайтатымен ерекшеленуде.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне осындай маңызды жобаларын ұсынған Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік саласында қолға алған жұмыстары алдағы күндері өзінің нәтижесін беріп, еліміздің абырой-беделін асыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан елімізде жоғары деңгейде өтіп жатқан халықаралық шараның отандық ғылым мен энергетика саласын дамытуға тигізетін пайдасы ұшан-теңіз деп нық сеніммен айтуға болады.
Нұрлан ЖҰМАХАН