19 литрлік ауыз судан абай болыңыз

Dalanews 02 нау. 2017 13:08 291

Құтыдағы су қауіпті. Әсіресе, 19 литрлік бөтелкедегі судан сақтанған жөн. Осы күнге дейін ішіп келген суды «у-ға» теңеп отырған –  мемлекеттік мекеменің мамандары. Суды химиялық сараптамадан өткізген сарапшылар Астанадағы ауызсу өндірушілердің көбінің өнімі талапқа сай еместігіне көз жеткізген. Әрі сатылымға кәдімгі краннан құйылған суды шығарып жүргенін анықтаған, деп хабарлайды Қазақстан арнасы.

Қысы-жазы саудасы саябырсымайтын суға толы 19 литрлік бөшкелер жарнамасына қарасақ өте сапалы әрі пайдалы. Мамандар осы суды сараптамадан өткізіп, тексеріп көрді.

«Адамға керекті иондар – натрий, калий, магний, калций катиондары су құрамында бар. Бірақ мөлшері төмен», – дейді сарапшы маман.

Сараптама қорытындысы жарнамаға қарама-қарсы шықты. Пайдасынан зардабы зілдей екен. Себебі суды сүзгіден өткізгенде құрамыдағы ағзаға қажетті химиялық элементтер жойылып кетеді де, өлі суға айналаы.

«Катион, анион элементтері адамға қажет. Оның жетіспеушілігінен адамның бауыр, бүйрек мүшелері дертке шалдығуы мүмкін. Балалардың көру қабілеті де төмендейді. Тістері ұсақталып түсе бастайды», – деді маман.

Тағы бір қызығы құтыдағы бұлақтың емес, кәдімгі кранның суы. Тек оның түсін мөлдіретіп қойғаны үшін сіз бен біз қалтамыздан текке қаржы шығарып отырмыз. Айталық, крандағы 5 литр суға 24 теңге төлесек, сол мөлшердегі бөтелкедегі суға 131 теңге санап береміз. Оның үстіне құрамындағы микроэлементтердің барлығы жойылып кеткен.

Зертханада 8 су өндірушінің өніміне сараптама жасалды. Қорытындысы қуантпайды. Осы себепті құтыдағы суды сатып алмас бұрын зертхана талдамасын талап ету қажет дейді мамандар.

Астанадағы 19 литрлі су өндіріп жатқан мекемелердің бірқатарына барып сапа сертификатын сұрадық. Бір де біреуі тауып бере  алмады. Алайда, осы сулардың сапасын бақылап, қадағалайтын мекеме мамандары алаңсыз. Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті «судың құрамында қауіпті ешнәрсе жоқ» деп жайбарақат отыр.

«23 тіркелген мекеменің үшеуі тексерілді. Құрамы талаптарға сай. Қалғанының мерзімі келген жоқ», – дейді Астана қаласы тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Гүлбану Іздәулетова.

Екі мемлекеттік мекеменің байламы тағы екі түрлі. Тексеру қорытындылары да бөлек. Тек, санэпидимиолог мамандар су өндіруші мекемелердің санитарлық тазалығы нашар екендігін айтты. Оларға жаза айыппұлмен шектелген.

 

Дереккөзі: stan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x