Ерлан Сағадиев тізгінін ұстап отырған Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы» деген құжатының жаңа нұсқасын 01,02,2017 ж. қолданысқа енгізді. Аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген 7.1. бөлімінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығы атымен жоқ. Оның орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе) деп жазылған. Сөйтіп, БжҒМ «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» мамандарын дайындаудан бас тартыпты. БжҒМ-ның бұнысын қалай түсінуге болады? Сағадиев мырзаның министрлігінің қазақ ұлтын, тілін жоюға бағытталған бастамасына наразылық білдіріп Қазақстанның бір қауым ғалымы Ақордаға хат жазыпты.
Елбасының өзі ұлтымыздың әдебиетіндегі жауһарларды, рухани мұраларды, тілді, ділді түгендеп жатқанда мұндай мамандықтардан бас тарту кімге керек болды? Біз үнемі мойын соза көз сүзетін Батыстың Гарвадында, Оксфорды мен Кембриджінде Сағадиев мырза керексіз деп тапқан «әдебиеттану», «лингвистика», «тарих», «шығыстану» деген пәндер оқытылады. Министр Сағадиев мырза Ахметтің әліппесін «өлтіріп» болып, енді мемлекеттік тілге шүйліккені қалай?
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН БАСҚА ҚАНДАЙ ТІЛ БОЛУЫ МҮМКІН?
Айгүл Ісмақова, Филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Бір айта кетерлік мәселе, мамандықтар тізбегінде «Аударма ісі, ілеспе аударма» деген бар. Бұл филология – әдебиеттану мен тілтану саласының бірі. Оны бөліп алу арқылы Білім және ғылым министрлігі ендігі кезекте тек аудармашылық мамандықты ғана даярлайтын болып отыр. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, әдебиеттану, түркітану, шығыстану тәрізді ғылым салалары қайда қалды? Тіпті бұл құжатта филология деген сөз жоқ. Осы ретте мынадай заңды сауал туындайды: филология саласын басқа тілдердің аудармашыларын даярлаумен ғана шектеп тастағанмыз қалай? «Тілдерді оқу», «Әдебиет пен лингвистика» мамандықтарына тоқталайын. Әлемдік ғылыми классификаторындағы «Филология, Литературоведение, Лингвистика» деген атаулар жойылған. «Әдебиет пен лингвистика» деп пән ретінде аталғанымен берілетін дәреже – «Тілтану» делінген. Сонда қай елдің, кімнің әдебиеті оқытылмақ? Неге қазақ әдебиетінің аты аталмайды? «Изучение родного языка» дегенде кімнің туған тілін оқыту көзделіп отыр?
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінен басқа қандай тіл болуы мүмкін? Түсінемін, орыс тілі, ағылшын тілдерін оқыту – заманның қажеттілігі. Бірақ аталған тілдердің өз отандары бар. Мемлекеттік қазақ тілі мен оның көркем шежіресі – қазақ әдебиетін білім беру жүйесінен осылайша ысырып тастау арқылы біз тәуелсіздігімізге қиянат жасап отырғандаймыз. Елімізде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің келешегі бұлыңғыр болып тұрғанын осындай құжаттан-ақ бағамдай берсеңіз болады.
Былтыр Қазақ тариxы, Қазақстан тариxы деген мамандықтар жойылған кезде тарихшылар дәл осындай күй кешіп еді. Енді мұндай жағдай әдебиетшілердің, қазақ филологтарының алдынан шыққанда, ұлт ғылымына төнген қауіпті айтуды азаматтық парызым деп есептеймін. Мемлекеттік тіл мен ұлт әдебиеті, еліміздің тариxымен бірге тәуелсіздігіміздің, ұлт қауіпсіздігінің негізгі тірегі емес пе? Егер осылай кететін болса, ендігі ұрпақ күні ертең қазақ әдебиеті түгілі қазақ тіліне де зар болғалы тұр.
Көршілес Ресей елінде бұл ғылым саласы орнында тұр. Олар мұндай қадамға біз сияқты бара қоймайтыны айдан анық. Себебі әр мемлекет үшін оның тілі – ұлт тұтастығы мен қауіпсіздігінің мәселесі. Министрлік райынан қайтып, бұл құжат өзгертілмесе қазақ тілінің болашағы туралы ойлаудың өзі қиын. Тәуелсіздік кезде мемлекеттік тілді және ол тілдегі әдебиетті жоғары оқу орындарының классификаторына енгізе алмасақ, бұл елімізге абырой әпермесі анық.
БҰЛ ӨЗ АНАМЫЗДЫ БАСҚА ТЕПКЕНДЕЙ ӘРЕКЕТ
Ұлан Еркінбай, Қазақ Гуманитарлық заң университеті, Қазақ тілі және жалпы тілдер кафедрасының меңгерушісі:
– XX ғасыр басында тіл мен әдеби мұраларымызды тану кәсіби деңгейге көтерілді деп қуандық. Әдеби, сыни, эстетикалық пікірлердің төркіні сан ғасырға кетсе де кәсіби әдебиеттануды біз алаштықтардан бастап жүрміз. Осыны айтып, А.Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқышын” кәсіби әдебиеттанудың басы деп Мәскеуде баяндама жасағанымда: ызаға булығып, жүздерін қызғаныштың оты шарпып, бірер профессор мен бірқанша доценттің залдан шығып кеткені әлі есімде. Сондағы қызғаныштарының мазмұны: “Томошевскийден бір жыл, Бахтиннен үш жыл бұрын кешенді теориялық еңбек жазатын, кто он такой Байтурсынов” болатын. Ол 2003 жыл болатын. Мұндай қасиеттті додаға мені бағыттаған З.Ахметов, З.Қабдолов, А.Ісімақова, К.Сыздықов, Ф.Фаткуллин сынды бір шоғыр зиялылар еді. Мен ол кісілерге мәңгілік қарыздармын. Әлемдегі ең сұлу, ең таза мамандыққа баулығаны үшін.
Ал қазіргіміз не? Рас, қазір “Қазақ филологиясы”, “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы аса модный емес шығар. Оны мойындаймыз. Ондай уақытша модныйлыққа қызмет ететін мамандықтар емес олар. Екі мамандық та халық даналығымен, сөз атты құндылықпен, рух атты қасиетпен тікелей жұмыс жасайды. Бүгінгі жәудіреген қазақы құндылығымыздың шырақшысына айналған осы сала мамандары қазір кісі мүсіркерлік халде. Асылында, барлық мамандықтардың негізгі құралы сөз. Мәтін.Қисын. Құндылық. Аты аталған дүниелер бүгінгі министрлік қажетсіз санап отырған екі мамандықтың негізгі нысаны. Сондықтан, бұл мамандықты еш талқысыз қысқарту мүмкін емес. Керісінше, жаңа форматта түрлендіріп құндылығын арттыруды ел болып ақылдасуымыз керек. Әйтпесе, өз анамызды басқа тепкендей әрекет қой бұл…
Нұргелді Әбдіғаниұлы