АҚШ пен Иран Ормуз бұғазын ашу және жоғары байытылған уран қорын жоюды көздейтін принциптік келісімге келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
New York Times мәліметінше, келісім Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуі мүмкін. Алайда құжатты екі ел басшылығының түпкілікті мақұлдауы бірнеше күнге созылуы ықтимал.
Басылым келісімнің нақты шарттары әзірге толық белгісіз екенін хабарлады. Әсіресе, Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қаншалық жылдам қалпына келетіні және Иран бұғаздағы бақылауын сақтап қала ма, жоқ па, белгісіз.
Fox News телеарнасының мәліметінше, АҚШ пен Иран келісімнің 95 пайызы бойынша ортақ мәмілеге келген. Қазір тараптар Тегеранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазын бақылауға қатысты тұжырымдарды талқылап жатыр. Келісімге қол жеткізілмесе, АҚШ тарапы әскери іс-қимылды қайта бастау мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
Axios мәліметінше, Вашингтон мен Тегеран жақын арада 60 күндік өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы мүмкін. Құжатта бұл мерзімді екі тараптың келісімімен ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған қоса, АҚШ Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастауы мүмкін. Ал Тегеран ядролық қару жасамауға міндеттеме алады.