Еуразиялық одақ толыққанды қалыптасты

Dalanews 31 мам. 2016 22:31 242

Ақордада Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің жиыны өтті. Отырыста талқыланған тақырыптар ауқымы өте кең болды: күн тәртібіне 14 мәселе шығарылған. ЕАЭО елдерінің лидерлері экономикалық бірлестіктің өзекті мәселелері мен дамыту перспективаларын қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

 

Ақордадағы отырысқа Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қыр­ғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Президенті Владимир Путин қатысты.

Басқосуды ашқан Қазақстан Көшбас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық әріптестерін «маңызды датамен» – Еура­зиялық экономикалық одақ туралы келі­сімге қол қойылуына тура екі жыл толуы­мен құттықтады: бұл тарихи шартты Қа­зақстан, Белоруссия және Ресей 2014 жылғы 29 мамырда Астанада бекіткен. Кейін Армения мен Қырғызстан қатарға қосылды.

– Құрылғанына аз ғана уақыт өткеніне және жолымыздың бастауында біз бастан өткеріп отырған экономикалық қиындық­тарға қарамастан, бүгін-ақ ЕАЭО-ның толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасқанын сеніммен мәлім­дей аламыз! Енді біздің экономикалардың жақындасуы ЕАЭО туралы Келісімде өзіміз белгілеген жоспарларға және мер­зімдерге сәйкес жүруде. Үкіметтеріміз бен бизнес бір-бірімен ынтымақтасудың қажетті тәжірибесіне ие болуда. Өзара іс-қимылдың ішкі мәселелері негізінен, ен­дігі реттелді. Одақ қызметінің қағидаттары мен қойылған міндеттерді іске асыру мемлекеттеріміздің экономикаларына қуатты серпін береді деген сенімдемін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы экономикалық бірлестікке қызығушылық бүкіл әлемде артып келе жатқанын айтты.

– Осыған орай ұйымның төрағасы ретіндегі менің ұсынысыммен, 2016 жыл «ЕАЭО-ның үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен эконо­микалық қатынастарын тереңдету жылы» ретінде жарияланды. Өз үндеуімде ЕАЭО-ны әлемдік экономикалық жүйеге үйле­сім­ді кіріккен, Еуропа және Азия арасын­дағы сенімді көпір қызметін атқаратын ашық қоғамдастық ретінде көретінімізді еске салғанмын. Былтыр ЕАЭО-ның Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы І келісіміне қол қойылды. Бүгінде ҚХР-мен, Үндістанмен, Израиль­мен, Египетпен, Иранмен, Камбоджамен және басқа да көптеген елдермен ынты­мақтастық мәселелері пысықталуда, – деді Елбасы.

Еуроодақ, ШЫҰ, АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарды жолға қою мүмкіндіктері жеке қаралуда екен. ЕАЭО-ның біріккен нарығы «Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасын байланыс­тырушы буынға айналуға міндетті екені» нықталды.

– Одақ аясындағы тауарлар мен қыз­меттердің еркін орын ауыстыруы Қытай басшылығы ілгерілетуші «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба елдеріміз үшін эко­номикалық пайда мен өзара қы­зығушылық тудыратын ынтымақтастық салаларын қамтиды деп жоспарлануда, – деді Н.Назарбаев.

Айтқандай, Ақордадағы келіссөздер барысында президенттер Еуропалық одақпен және Қытаймен ынтымақтастық мәселелерін де арнайы талқылады.

Кейін келіссөздердің қорытындылары туралы ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеме жасаған Еуразиялық эконо­микалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян Қытаймен ынтымақтастық ЕАЭО елдерінің мүдделерін есепке ала отырып, іске асырылатынын жеткізді. «Бұл әріптестік бәріміз үшін принципті мәнге ие. Еуразиялық экономикалық комиссия өзіне берілген мандат аясында бұл елмен енді келіссөз процесін бастайды. Біз бірінші кезекте, өз елдеріміздің шаруа­шылық субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, осы қарым-қатынастарды түзетін боламыз. Мезгіл-мезгіл өз арамыз­да кеңес-консультациялар жүргізіп отыра­мыз. Біздің кәсіпорындар алдынан Қытай нарығы ашылуы үшін қажетті қадамдарды жасаймыз».

Еуразиялық одақ Сербияның да өзімен ынтымақтастық құрғанын қолай көруде: президенттер ЕАЭО-мен арада сауда режимін бірыңғайландыру туралы Сер­бия­мен келіссөздерді бастауға қатысты шешім қабылдады.

Өз сөзінде Беларусь Президенті Александр Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту үшін белгіленген міндеттерді жүзеге асырудағы қиындықтарға тоқталды. Мәселен, оның айтуынша, көрші өзара саудада, экспорт және импорт кезінде қоятын шектеулерін жоюы қажет. Ол дәрі-дәрмек және медициналық бұйым­дардың ортақ нарығын құрудың маңыз­дылығын да атап өтті.

Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев та одақтас мемлекеттер басшы­ларын күш-жігерді интеграциялық үде­рістердің үдеуіне тоспа болған кедергілерді жоюға бағыттауға шақырды.

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның күш-жігерді басқа елдер­мен және бірлестіктермен экономикалық байланыстарды ары қарай тереңдетуге шоғырландыру туралы ұсынысын қол­дайтынын жеткізді.

– Біз сондай-ақ қазақстандық әріптес­теріміздің Еуразиялық одақ пен Еуропа­лық одақ арасында өзара іс-қимылды жолға қою бойынша халықаралық кон­ференция өткізу бастамасын да қош­тай­мыз! – деді В.Путин.

Ақордадағы жоғары деңгейдегі жеке және кең құрамдағы келіссөздер толық аяқталған соң, бес елдің журналистерінің алдына ЕАЭО басшылық органы – Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян шықты. Ол шағын мәлімдеме жасап, қабылданған шешімдерге тоқталды.

Атап айтқанда, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат әсіресе, Қазақстанға игіліктер әкелуге тиіс. Өйткені отандық қара алтын өнді­рушілер Ресейдің мемлекеттік мұнай кәсіпорындарының құбырлары кешеніне өз өнімімен кіруде қиындық көруде. Енді осы олқылықты жоюға үлкен қадам жасалды. Бұдан Беларусь та ұтады: олар Ресей мен Қазақстан мұнайын алып, өңдеп, саналуан мұнай өнімдері түрінде экспортқа шығарады.

– Бұл тұжырымдамаға сәйкес, одақтас елдердің энергетикалық компаниялары әріптестерінің мұнай инфрақұрылымына кемсітпеушілік негізде қолжетімділікке ие болады, мұнай және мұнай өнімдерін нарықтық бағаға, бірақ экспорттық баж салығынсыз, еш шектеусіз көлемде сатып ала алады. Мұнай сондай-ақ биржалық саудада да сатылатын болады, – деп хабар­лады Саркисян мырза баспасөз мәсли­хатында.

 

Оның мәліметінше, бұл тұжы­рымдаманы үш кезеңмен жүзеге асыру көзделуде: «Біз осы концеп­цияны іске асыратын бағдарламаны әзірлеп, келесі жылы президент­тердің бекітуіне енгізуге тиіспіз. Ал ары қарай тиісті Келісім жобасы дайындалады, ол ратификация­ланғаннан кейін 2025 жылы бізде бірыңғай энергетикалық нарық құрылады. ЕАЭО-ның ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырым­да­масы да дәл осы қисын-логикаға сай түзілген. Ортақ газ нарығы да бізде 2025 жылы пайда болады» деді ол.

Астанадағы жиынның тағы бір нәтижесі – бес президент 2016-2017 жылдарға арналған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше- мемлекеттердің макроэкономи­калық саясатының негізгі бағдар­ларын бекітті. Өйткені әу баста одақ елдері осы бағытта келісімді саясат жүргізуге сөз байласқан болатын. Тигран Саркисянның түсінді­руін­ше, «бұл дағдарысқа қарсы құжат болып табылады және ол бес елдің экономикалары алдында тұрған ең маңызды қысқа және ұзақмерзімді міндеттерді айқындайды».

– Бүгін қол жеткізілген уағ­да­лас­тықтарға сәйкес, мүше-мемле­кеттер жүзеге асыратын шараларды бақылап, мониторинг жүргізу – бағдар ретінде қабылданды және бұл мониторинг жүйелі түрде жүр­гізілетін болады. Бұл бізге одағы­мыздың ұстыны болып табылатын негізгі қағидаттар орындалуы үшін жасалуы керек бірлескен іс-шараларды анықтауға мүмкіндік береді – деді Т.Саркисян.

Оның айтуынша, макроэконо­микалық саясат аясындағы жұмыс­тарды үйлестіру үш негізгі аспектіні қамтиды, бұлар – инфляция деңгейі, бюджет тапшылығы, сон­дай-ақ мемлекеттік сыртқы қарыз. Осы салалары кері кеткен ел өзге­лерді төменге тартуы мүмкін, демек, бұл тұрғыда мейлінше біркелкі даму маңызды.

Ақордадағы отырыс қорытын­дысында тағы бір шешім қабылдан­ды: ЕАЭО мен Вьетнам арасында Еркін сауда туралы келісім күшіне енді.

Мемлекеттер басшылары Жо­ғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын Мәскеуде өткізу туралы шешім қабылдады. РФ басшысы В.Путин осындай ұсыныс енгізген болатын. Ресей аста­насына ЕАЭО-ға қатысушы елдер басшылары биылғы желтоқ­санда жиылады.

Айхан ШӘРІП

 

Дереккөзі: "Айқын" газеті


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x