Аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш ашылады

Dalanews 31 мам. 2016 07:54 1467

Бүгін – қазақ тарихында қаралы күн. Бүгін – қылышынан қан тамған ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні Сәбеттің құрсауынан босап, азаттық алуға талпынған Алаш зиялыларын ардақтайтын күн.

Осыған орай бүгін Алматы қаласындағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы саябақта қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен Сталин-Голошекин тандемі қолдан жасаған Аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиыны өтті. Жиын барысында қала әкімі Бауыржан Байбек мырза, аталған саябақтағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылатынын мәлімдеді. Осыған дейін Алматы қаласындағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы саябақта Аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған қара тас қана қалқайып тұрған еді.

represia dalanews baibekБауыржан Қадырғалиұлы өз сөзінде, Сәбеттік жүйенің қудалауына ілігіп, азаттық жолында нақақ құрбан болған қайраткерлердің рухына бағыштап, тас белгінің орнына ескерткіш орнатылатынын жеткізді. Бұл ескерткіш Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында іске асырылмақ.

Сондай-ақ, Орталық мешітте қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран бағышталып, ас берілуде.

Айта кетейік, бүгінгі іс-шараға ұзын саны алпысқа жуық адам қатысты. Еске алу жиынына келгендердің қатарында аға буын өкілдерінен ақын, жазушы  Мұхтар Шаханов, белгілі жазушы Смағұл Елубай мен қатар, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым қатысты.

Мұхтар Шаханов, ақын, қоғам қайраткері:

– Мынау біздің қазақтың тарихында басқа елдерде болмаған үлкен бір қасірет болды. Ол – ашаршылық. Ашаршылық қолдан ұйымдастырылды. Сөйтіп бір мәлімет бойынша 4 миллион 100 мың қазақ қырылды. Осының барлығы біздің үлкен қасіретіміз. Егер сол жылдары соншама қазақ қырылмаған болса, біздің халқымыздың саны бүгінде 40 миллионнан асып жығылар ма еді?! Өкінішке орай, біз мұны әлі күнге дейін айта да алмай, жаза да алмай келдік. Бүгін әкім Бауыржан Байбек жақсы мәселе көтерді. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ардақтау, ұлықтау, ұрпаққа жеткізу үшін мына тұрған тас белгінің орнына ескерткіш ашылатынын айтты. Және оның шығыны қалалық бюджеттен өтелітен болды. Бұл өте жақсы бастама. Сол секілді біз мына жер мәселесінде де жеңіске жетеміз. Біз мына жерге ескерткіш ашылуын қанша жылдан бері қарай көтеріп келеміз. Сөзіміздің бәрі желге ұшып жататын. Енді бүгін әкім мырза бір жылда осыны қолға алып отыр екен, біз бұндай бастаманы құптағанымыз жөн, әрине.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

– Бұл мәселені ең бірінші қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенді топ өкілдері айтып, көтеріп, әкімшіліктің құлағына жеткізді.  Дәл осы жерге ескерткіш орнату мәселесін қазір әкімшіліктің өзі көтеріп отыр. Тіпті, әкім Бауыржан Байбектің өзі келіп қатысуы, және өз аузымен уәде беріп отырғаны көптеген жайтты аңғартады. Мысалы соңғы жылдары әкімшілік қала ішінде мынадай іс-шараларды ұйымдастыруға рұқсат бермейтін еді. Өздері де тыныш жататын. Біз өзіміз де бірнеше рет өткіздік, дәл осындай іс-шараны. Енді мына тастың орнына, әрине, ескерткіш қойылуы керек. Бұл сөзді басқа емес, қала әкімнің өзі айтты. Демек, ескерткіш орнатылады. 23-24 жыл болды дәл осы ескерткіш орнату мәселесінің көтеріліп келе жатқанына. Ақыры мақсатқа жеттік. Ендігі мәселе – қаладағы Мирзоян көшесінің атауын өзгерту болуы тиіс. Бұл да кезек күттірмес мәселе.

Мақсат Жақау, саясатанушы:

– Бұл ескерткіштің ашылуы ұзақ уақыттан бергі халықтың көкейінде жүрген мәселе еді. Әсіресе мына Алматыдай үлкен шаһарда тарихи маңызы жоғары саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіштің ашылуы заңдылық болатын. Тас белгінің орнына кешенді ескерткіш орнату туралы мәсеені «Әділет» қоры бар, Тарих институты бар, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қауымдастығы бар, тарихшылар бар, зиялы қауым өкідері бар көптен бері айтып келе жатыр еді. Бауыржан Қадырғалиұлының өзі айтқандай, арнайы байқау жариялау арқылы аталған ескерткіш осы жылдың соңына дейін орнатылатынын естіп қуанып тұрмыз. Бұл ескерткіштің маңыздылығы жоғары болмақ. Біріншіден, идеологиялық жағынан. Екіншіден, ұрпақ тәрбиелеуде кешегі өткенімізді ұрпақ санасына сіңіруде үлкен қадам болмақ. Бұл ескерткіштің жас ұрпаққа өткен заманалардан ақпарат беріп тұратын  маңызға ие болатыны сөзсіз.

Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» қозғалысының жетекшісі:

– Бүгін 31 мамыр – азалы күн, қаралы күн. Біз неше жыл болды 31-і күні осы қара тастың түбіне келіп, гүл шоқтарын қоямыз. Сосын ескерткіш орнатылса деген мәселені айтып жүргенімізге қанша жыл болды... Бұл мәселе бізге дейін де көтерілген еді, енді бізбен түйінделетіні жақсы, әрине. 1992 жылы мына қара тас орнатылған еді осы жерде. Содан міне, 24 жыл өткенде осы жерге ескерткіш орнатылатынын қала әкімінің өзі айтты. Бұл –өте қуанышты жағдай. Бұл – жеңісті жағдай. Бұл – ескерткіш ұлттық мұраттарымызды әйгілей түсудің бастамасы деп білеміз. Осыдан кейін 31- мамырды басқаша еске алу, өткізу шараларын белгілеуіміз керек. Ол қандай шаралар болуы мүмкін, мәселен: Израильде бір күні бүкіл ел бір минуттық үнсіздік жариялайды. Осындай шараны бізде де қолға алуға болады. 31-мамыр күні көшелердегі ойын-сауық бағдарламаларды тыйып, жалпы ұлттық үнсіздік жариялау керек. Бізге де сол қажет.

Дәурен Қуат, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы:

Қабанбай мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы саябақтың ішінде мына бір қара тастың қадалып тұрғанына бірқанша жыл болды. Былтыр емес, алдыңғы жылы осы тас белгінің айналасына 20-30 адам жиылып, Қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алып, рухтарына бағыштап құран оқыған едік. Сол жиында Мұхтар Тайжан екеуміз қара тас қалқайып тұра бермесін, есерткіш ашылсын, осыны қалалық әкімшіліктен талап етейік деп ұсыныс жасадық. Ұсынысымызды сол жиындағы ел ағалары қолдағанымен, «босқа әуіреленесіңдер, іске аспайды» деп бір-ақ кескен. Алайда... Мұқаң сол күннің ертеңінде қалалық әкімшілікке қоғам белсенділерінің атынан хат тапсырды. Хатымызға «күткендегідей» жауап та жетті «ентігіп».  Хатта: «Алматы қаласындағы саябақта орынның тар болуына байланысты ескерткіш  орнатылмайды. Өйткені, аштық құрбандарын еске түсіретін алып ескерткіш «Жаңылықта» тұр. Ол кешенді ескерткіш  -  КСРО елдерінде, Қытайда, Польшада, Иранда, Австрияда, Германияда  т.б. аштықтың салдарынан көз жұмған жандардың  бауырластығын, тағдырластығын еске түсіреді» дегенге саятын сөздер жазылыпты.  Хатты оқып болған соң, қалалық әкімдіктің қалыпты шешіміне қашанғыдағыдай «қап» дедік, кейідік, тарындық. Арада жыл өткен... Міне, жаңа ғана, мегаполисіміздің жас әкімі Бауыржан Байбек мырза жиын жасап, белгі қаратастың орынында келесі жылы кешенді ескерткіш бой көтеретіндігін мәлім етті. Және былай деді:

«Бұл ескерткіш – ұрпақтар жадында Тәуелсіздіктің тереңдігін, оның құнын, баға жетпес байлық екенін біліп өсуіне жол ашады. Бұл ескерткіш – әр буын ұрпақтың ашаршылықтан жазықсыз қырылған мииллиондаған қандасымыздың, бауырларымыздың, ата-бабамыздың рухына тәу етіп, Тәуелсіздікке тәуба айтар орны болады ойлаймын!

Тарихқа – тағзым

.represia dalanews01.. Осы бір ескерткіш кешенді ертерек тұрғызбай, қара таспен қаңтарып қоюдың ар жағында солтүстіктегі көршіміздің қас-қабағын баққан саясат болды ма, әлде салғырттық болды ма? Меніңше, екеуі де бар. Әйтсе де, салғыртықтан саясат басым түскен сияқты. Ал, саясаттың салқыны сезілетін жерден біздің шен-шекпенділердің айналып жүретіні, ұлттық мұраттар мен тілектер туралы ел үнін естімейтін таскереңге айналатыны бесенеден белгілі. Әйткенмен де, басшының ерік-жігері жетсе, қиын ештеңе жоқ екен. Біздің бүгін соған көзіміз жеткендей желпініп тұрмыз. Жер бетінен күңіреніп көшкен ата-баба рухы риза болсын. Ештен – кеш жақсы. Елдік мұраттарымыз ескеріліп, жеңістерге жете берейік.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

Abai.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар