Дос Көшім: "Жерді қазақ жігіттері де игере алады"

Dalanews 14 мам. 2016 05:07 267

 Қоғам қайраткері, саясаттанушы, сондай-ақ Жер реформасы бойынша комиссия мүшесі (келісім бойынша) Дос Көшім ауыл шаруашылық жерлерін қазақ азаматтары өздері-ақ игеріп кете алады деп санайды. Бұл туралы Kazinform ақпараттық агенттігі хабарлайды.


«Бірінші мәселе, жаңа біздің Жақсылық (Үшкемпіров) ағамыз, Темірхан ағамыз, Сауэр мырзалар, тағы да басқа адамдардың айтуына қарағанда, олардың сөзін тыңдағаннан кейін мен жерді шетелдіктерге сатпау керек екен деген сөздің дұрыс екендігін ұқтым. Агроөнеркәсіп саласындағы адамдарды шақырған ұйымдастырушыларға рахмет. Осындай адамдар бар, ертең Жақсылық ағамыздың артынан  жүздеген қазақтың жігіттері келеді, олар дәл осындай тамаша өндіріс орындарын ашады, жерді өңдейді, жоқ әлде басқа елдің азаматтарының қолынан келетін іс пе бұл?! Міне, көріп отырмыз. Сондықтан осы мәселені талқылаудың да қажеті жоқ. Осы жердегі жігіттердің барлығы айтты, қолымыздан келеді, жасай аламыз. Тек қана мынадай, мынадай көмек керек деді жас жігіттер. Сондықтан осы мәселені талқылаудың қажеттілігі де жоқ», — деді ол бүгін Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында.


Саясаттанушының ойынша, қазіргі жер реформасына қатысты дау-дамай түсінбеушіліктен туған мәселе. Оны шешу үшін алдымен халықтың билікке деген сенімін арттыру қажет.


Айта кетейік, бүгін Астанада Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтуде. Комиссия ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Бұның алдында, Мемлекет Басшысы халық арасында дау тудырған Жер Кодексінің бірқатар түзетулеріне мораторий жариялаған.


Комиссия төрағасы болып ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, оның екі орынбасары — «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен екінші орынбасары (келісім бойынша) «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіров болып бекітілді.


Айта кетейік, жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та комиссия құрамында.


Сонымен қатар, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов (келісім бойынша), «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова (келісім бойынша), саясаттанушы Айдос Сарым (келісім бойынша)Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан (келісім бойынша), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай (келісім бойынша), «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов (келісім бойынша) және тағы басқа адамдар комиссия құрамына енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x