«Ауыл» партиясы сайлауға түсетін үміткерлердің тізімін бекітті

Dalanews 01 ақп. 2016 02:39 263

Бүгін Астанада «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ХІІ кезектен тыс съезі өтуде.
Атап айтқанда, бұл шара ҚР Президентінің Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы шешіміне орай ұйымдастырылды.

Съезд қатысушылары «Ауыл» ХДПП-ның «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сондай-ақ мәслихат депутаттарының сайлауына қатысу бағытын талқылады. Делегаттар әлем ғаламдық экономикалық қайта құрудың алдында тұрғанда, геосаяси жағдай барынша қырағылықты, жедел жауап қатуды талап ететінін атап өтті.

«Осы бағытта еліміз үшін тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген нық сенім және үздіксіз жұмыс үдерісі маңызды. Ал сайлаушылар заңнамалық биліктің бар шешімі тиімді орындаларына сенімді болуы керек. Сонымен қатар, еліміз сыртқы факторларға байланысты туындаған экономикалық дағдарысты барынша тиімді еңсеруі маңызды»,-дейді олар.

«Ауыл» партиясының мүшелері алдағы сайлау науқаны халықты ұйымдастыратын, тұрақтылық пен келісімді сақтайтын, сонымен қатар патриотизмді нығайтатын маңызды қадам деп біледі.

Атап айтқанда, делегаттар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын мерзімінен бұрын сайлауға қатысу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, заңнама талаптарына сай 19 адамнан тұратын үміткерлердің партиялық тізімін бекітті.

Дереккөз: Қазақпарат


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x