Жүргізушілерге құлаққағыс! Алматы полициясы жолдарда алты күндік рейд шарасын өткізеді

Жүргізушілерге құлаққағыс! Алматы полициясы жолдарда алты күндік рейд шарасын өткізеді
ІІМ

11-16 шілде аралығында Алматы қаласында жол апаттарының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алты күнге созылатын іс-шара барысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударады.

Мас күйінде көлік басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, белгіленген жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы қағидаларын бұзуы, сондай-ақ, қоғамдық көлік, мотоцикл және мопед жүргізушілері тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтар қатаң бақылауға алынады.

"Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігінен басталады. Біздің басты міндетіміз - құқықбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, қайғылы оқиғалардың алдын алып, адам өмірін сақтап қалу. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз", – деді Алматы қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.