Жүгіру – қолжетімді спорт түрі. Тұрақты жаттығу ағзаны шынықтырып қана қоймай, күйзелісті азайтып, жалпы денсаулықты нығайтуға ықпал етеді. Жүгіруді қалай дұрыс бастау керек?
Жүгіру – ең қарапайым әрі пайдалы спорт түрлерінің бірі. Онымен айналысу үшін арнайы спортзалға барудың немесе қымбат құрал-жабдық сатып алудың қажеті жоқ. Тек ыңғайлы аяқ киім мен ынта болса жеткілікті.
Жүгіру жүрек пен қан тамырларының жұмысын жақсартып, қан айналымын күшейтеді. Соның арқасында жүрек ауруларының қаупі азаяды. Сонымен қатар, бұл артық салмақтан арылудың тиімді жолы. Бір сағаттық жүгіру кезінде ағза жүздеген калория жұмсайды.
Жүгіру адамның көңіл-күйіне де жақсы әсер етеді. Жаттығу барысында эндорфин гормондары бөлініп, стресс пен шаршауды азайтады. Тұрақты жүгіру иммунитетті күшейтіп, ағзаны түрлі аурулардан қорғайды.
Егер сіз жүгіруді қолға алғыңыз келсе, мына ережелерді есте сақтаңыз:
1. Асықпаңыз. Алғашқы күні-ақ марафон қашықтығын бағындырудың қажеті жоқ. Жүгіруді жылдам жүру мен жеңіл жүгіруді араластырудан бастаңыз (мысалы: 2 минут жеңіл жүгіру, 1 минут жаяу жүру).
2. Дұрыс аяқ киім таңдаңыз. Кәдімгі жалпақ табанды кедылармен жүгіру буындарға үлкен салмақ түсіреді. Арнайы амортизациясы бар, жүгіруге арналған кроссовка таңдағаныңыз жөн.
3. Денені қыздыру. Жаттығуды бастамас бұрын 5–10 минут буындарды қыздырып, бұлшықеттерді созыңыз. Бұл жарақат алудың алдын алады.
4. Тыныс алуды бақылаңыз. Ауаны мұрынмен жұтып, ауызбен шығаруға тырысыңыз. Егер деміңіз тарылса, жылдамдықты бәсеңдетіңіз.
Жүгіру – денсаулықты нығайтудың, сергек жүрудің және ойды ретке келтірудің тамаша тәсілі. Ең бастысы – алғашқы қадамды жасап, жүгіруді бастау.
Сабыркулов Диас