Жолаушылар мінген лайнерде қауіпті індет тарады: үш адам көз жұмды

Жолаушылар мінген лайнерде қауіпті індет тарады: үш адам көз жұмды
Фото: Philip Kendall

Атлант мұхитында сапарлап жүрген круиз кемесінде қауіпті індет тарап, үш адам қайтыс болды. Тағы бір науқастың жағдайы өте ауыр. Алдын ала деректерге сүйенсек, бұл хантавирус болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сапар кезінде сырқат белгілері байқалған

Нидерландыға тиесілі MV Hondius лайнері Аргентинаның Ушуайя қаласынан Кабо-Вердеге бағыт алған. Oceanwide Expeditions компаниясына қарайтын кемеде шамамен 150 жолаушы болған. Жол-жөнекей кеме Антарктика мен Фолкленд аралдарына соққан.

Алайда Атлант мұхитын кесіп өту кезінде бірнеше жолаушының денсаулығы сыр беріп, тыныс алулары қиындаған. Жалпы алты адам дәрігерлердің бақылауына алынған.

Үш адам көз жұмды

World Health Organization (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мәліметінше, науқастардың үшеуі қайтыс болған. Бір адам Оңтүстік Африкада жансақтау бөлімінде жатыр.

Айта кетейік, әзірге хантавирус тек бір адамнан ғана зертханалық түрде расталған, қалған жағдайлар нақты тексеріліп жатыр.

Алғашқы науқас кім?

Алғаш болып 70 жастағы жолаушы сырқаттанып, кейін көз жұмған. Оның денесі Әулие Елена аралына жеткізілген. Біраз уақыттан соң оның 69 жастағы жұбайынан да дәл осындай белгілер анықталып, Оңтүстік Африкаға жеткізілген. Алайда сол жерде жан тапсырған. Үшінші адамның денесі әлі де кемеде болуы мүмкін деген ақпарат бар.

Жолаушыларды түсіруге шектеу қойылды

Қазір кеме Кабо-Верде астанасы Прая қаласының маңында тоқтап тұр. Алайда жергілікті билік жолаушыларды жағаға шығаруға рұқсат бермеген. Бұл жағдай науқастарды дер кезінде эвакуациялауға кедергі келтіріп отыр.

Халықаралық ұйымдар іске қосылды

Кеме иесі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтып, жолаушыларға көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Ал World Health Organization ұйымы елдермен бірлесіп, науқастарды эвакуациялау және қалған жолаушылардың қауіпсіздігін бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қажет болса, кемедегілерге карантин енгізу де қарастырылып жатыр.