Жеке компаниялардың бірі мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірген

Жеке компаниялардың бірі мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірген
gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі дәрілік препараттарды сатып алу кезінде залал келтіру дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Интерфармсервис" ЖШС Қазақстан аумағында Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілердің дистрибьюторы және жалғыз жеткізушісі бола отырып, бес жыл бойы оларды еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізіп келген.

Бұл препараттар бойынша өндіруші шекті сату бағаларын белгілеген.

Алайда компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, сол арқылы жалған мәмілелер жүргізген.

Осы схема арқылы препараттардың сату бағасы жасанды түрде өсіріліп, олардың нақты өзіндік құны жасырылып, заңсыз пайда көзделген.

Салдарынан мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.

Заңсыз табысқа салық төлеуден жалтару мақсатында серіктестік басшылығы жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражатты шығару схемасын ұйымдастырған.

Соның салдарынан 4 млрд теңгеден аса қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Компания 637 млн теңгеден аса мөлшерде салық төлеуден жалтарған.

Заңсыз баю нәтижесінде кәсіпкерлер 32 пәтер, 11 көлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Бұл мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы, үшінші тұлғаға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазір тараптар қылмыстық іс материалдарымен таныса бастады.