Қаржылық мониторинг агенттігі 1985 жылы 8 ақпанда туған Ресей Федерациясының азаматы Дмитрий Пунин мен 1989 жылы 11 ақпанда туған Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жариялады. Оларға белгіленген бұлтартпау шарасы - күзетпен ұстау, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олар қазақстандық қолданушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет казиноларын заңсыз ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
Тергеу дерегінше, бұл схеманы іске асыру үшін бақылаудағы компаниялардан, төлем ұйымдарынан және банк құралдарынан тұратын тармақталған халықаралық инфрақұрылым құрылған.
Осы жүйенің Қазақстандағы буыны PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған "Бонами" ЖШС болды. Алайда заңды букмекерлік бизнес интернет казино қызметін жасыру үшін пайдаланылған.
Түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында ашылған 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан.
"Іздеу жарияланған адамдар қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне мына телефон арқылы хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 - кезекші бөлім", - деді агенттік өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Pin-Up иелеріне халықаралық іздеу жариялағаны хабарланды.