Қазақстанда ветеринария саласындағы заңнамалық өзгерістерді іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Серік Егінбаев заң жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасы ветеринариялық қызметті жетілдіруді, мамандардың әлеуметтік қорғалуын арттыруды және жануарлар ауруларының алдын алу жүйесін күшейтуді көздейді.
Құжатта мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді нақтылау, ветеринариялық ұйымдардың функцияларын бөлу және саладағы цифрландыруды дамыту қарастырылған.
Атап айтқанда, ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе құру ұсынылады. Онда ветеринариялық қызмет субъектілері мен объектілері, жүргізілген іс-шаралар, мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы мәліметтер жинақталады.
Сонымен қатар Республикалық эпизоотияға қарсы жасаққа ветеринариялық препараттардың айналымына қатысты қызметтерді атқару және ауру жануарлар мен олардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу функцияларын беру көзделген.