Қазақстанда ет пен жануар өнімдері сатылатын орындарда ветеринариялық бақылау күшейтіледі

Қазақстанда ет пен жануар өнімдері сатылатын орындарда ветеринариялық бақылау күшейтіледі
pixabay.com

Қазақстанда жануарлар мен олардан алынатын өнімдерді сататын сауда орындарында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды тұрақты негізде жүргізу ұсынылды. Бұл норма ветеринария мәселелері бойынша әзірленген заң жобасына енгізілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс депутаты Серік Егінбаевтың айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейту.

Заң жобасында ұйымдасқан шаруашылықтарға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді меншік иелерінің өз қаражаты есебінен жүргізу көзделген.

Сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға жануарларды сату және сою туралы уақтылы хабарлау міндеті жүктеледі. Сондай-ақ жануарларды сәйкестендіру бұйымдары жоғалған немесе бүлінген жағдайда бұл туралы хабарлау талап етіледі.

Бұл шаралар жануарлар санын нақты есепке алуға және ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты қажетті шараларды уақытылы қабылдауға бағытталған.