Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстік өңірлер мен шетелден көшіп келген азаматтарға арнап салынған үйлерді бұзу жұмыстары басталды. Мемлекет қаржысына тұрғызылған баспаналардың бір бөлігі қараусыз қалып, тоналған. Кейбірі апатты деп танылған. Енді жергілікті билік бюджет шығынын қайтару үшін бұрынғы тұрғындармен соттасуға мәжбүр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, шамамен алты жыл бұрын Сергеевка қаласының шетінде қоныс аударушыларға арнап 109 үй салынған. Жобаға бюджеттен 800 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Қазір олардың 80-ге жуығына тұрғындар қоныстанған. Алайда ондаған үй бос тұр. Ал 14 баспана толық жарамсыз күйге түсіп, апатты деп танылған. Оның төртеуі қазірдің өзінде сүріліп тасталған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа үйлерді тастап кетуге солтүстіктің ұзақ әрі қатал қысы себеп болған. Өйткені мұнда тұру үшін тұрғындар отын мен мал азығын алдын ала дайындауы керек.
Сергеевка тұрғыны Бейбіт Халматовтың сөзінше, солтүстікте қысқа дайындыққа бірнеше ай кетеді.
«Біріншіден, мұнда қысқа дайындалу керек. Қыстың өзі алты айға созылады. Мен екі ай бойы тек қысқа дайындалдым. Мал ұстайтын болсаң, астық, бидай, сабан жинауың керек. Оған қоса көмір мен отын дайындайсың. Қалғаны біртіндеп реттеледі», – дейді ол.
Ал жұбайы Жанар Сыдықованың айтуынша, жаңа жерде тұрмыс құрып, тіршілік етуге болады. Оның сөзінше, үй жылы әрі жайлы, қажетті нысандар да жақын орналасқан.
«Жақсы, ыңғайлы. Үй жылы. Балалар үйде жеңіл киіммен жүреді. Жалпы, солтүстікте балаларымыз ауырмайды. Табиғаты тамаша. Аурухана, базар, дүкендер жақын. Бәрі қолайлы. Пешті күйеуім жағады, бұл істің шебері», – дейді Жанар Сыдықова.
Дегенмен кейбір қоныс аударушылар үйлерін аяқ астынан тастап кеткен. Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Мұхамеджановтың айтуынша, кейбір тұрғындар қыс мезгілінде үйдегі жиһаздың бір бөлігін қалдырып, ешкімге ескертпестен көшіп кеткен.
«Бір адам қыста кетіп, жиһаздың бір бөлігін қалдырған. Кейбір заттарын алып, үн-түнсіз көшіп кеткен. Тұрғындар болмаған соң, үйлерді ашуға тура келді. Оларды іздей бастасақ, телефондарын өшіріп тастаған. Сондықтан сотқа талап арыз бердік», – деді ол.
Қазір жергілікті билік мемлекеттік баспананы тастап кеткен 40 отбасыға қатысты сотқа талап арыз берген. Шенеуніктер олардан мемлекет есебінен төленген көшу шығындары мен көтермеақыны қайтаруды талап етіп отыр.
Алайда әкімдік өкілдері қаражатты өндіріп алу әрдайым мүмкін бола бермейтінін мойындайды. Себебі кейбір бұрынғы тұрғындарды табу қиын, ал бірқатар жағдайда шығынды өтейтін адам да жоқ.