Ресейден келген мас мигрант Алматыда жанжал шығарғаны рас па? Полиция жауап берді

Ресейден келген мас мигрант Алматыда жанжал шығарғаны рас па? Полиция жауап берді
видео кадры

Әлеуметтік желіде Алматыдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде Ресей азаматы мас күйде жанжал шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Threads желісінде жарияланған мәліметке сәйкес "Ресей азаматының әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) және 440-бабы (Қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша" сараланған.

Алматы Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, оқиғаға қатысы бар адам Ресей емес, Қазақстан азаматы екенін хабарлады.

"Әлеуметтік желіде тараған видео бойынша Алматы қаласының полиция қызметкерлері тексеріс жүргізді. Нәтижесінде Алматы қаласының 40 жастағы тұрғыны, Қазақстан Республикасының азаматы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.