Алматы тұрғындары көл жағасындағы құрылыс жобасына қарсы шықты

Алматы тұрғындары көл жағасындағы құрылыс жобасына қарсы шықты
Фото: За нами уже выехали

Алматының Түрксіб ауданындағы Маяк шағынауданының тұрғындары Аэропорт көлінің шығыс жағалауына құрылыс жүргізілуі мүмкін екеніне алаңдап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

За нами уже выехали телеграм арнасының мәліметінше, жергілікті тұрғындарға көл маңын дамыту жобасының эскиздері таныстырылған. Жоспарда су айдыны мен жолдың арасындағы аумақта жаяу жүргіншілерге арналған квартал, сауда орындары, дәмханалар және үш автотұрақ салу қарастырылған.

Қазір бұл аумақта ағаштар өсіп тұр. Тұрғындар құрылыс басталса, саябақтың бір бөлігі мен құстар мекендейтін көл шығанағы зардап шегуі мүмкін деп қауіптенеді. Зоологтердің мәліметінше, Аэропорт көлінде құстың 60-тан астам түрі кездеседі.

Ал жоба авторлары жасыл желек пен су қорғау аумағына құрылыс жүргізілмейтінін алға тартады. Ұсынылған сызбаларда «Желтоқсан саябағы сақталады» және «Су қорғау жолағында құрылыс болмайды» деп көрсетілген.

Жобаны «Шығыс қақпасы» полицентрін дамыту аясында жеке инвестор — «Tumar Stroy Invest» ЖШС қаржыландырады. Қазір көлдің суы ағызылып, түбін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алайда аумақтың бас жоспары әлі бекітілмеген. Экология басқармасының мәліметінше, жоба алдағы уақытта экологиялық сараптамадан өтіп, қоғамдық тыңдауға шығарылуға тиіс.