Қазақстан футбол федерациясы бұрынғы қызметкеріне 50 миллион теңгеге жуық өтемақы төлейді

Қазақстан футбол федерациясы бұрынғы қызметкеріне 50 миллион теңгеге жуық өтемақы төлейді
kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бұрынғы қызметкері Қамбар Омаровпен арадағы еңбек дауына қатысты сотта жеңіліп қалды. Сот шешімі бойынша федерация оған жұмыс істемеген кезеңі үшін жалақысын төлеуге міндеттелді. Бұл сома шамамен 50 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің жазуынша, Астана соттарында федерацияның бұрынғы бас аудиторы Қамбар Омаров пен оның экс-жұмыс берушісі арасындағы дау аяқталған. Омаров ҚФФ-да 2025 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істеген. Оның ай сайынғы жалақысы шамамен 2,5 миллион теңге болған.

2026 жылдың сәуірінде оған штат қысқаруына байланысты еңбек шарты бұзылатыны ескертіліп, мамыр айында жұмыстан босатылған. Бұған қарсылық білдірмеген бұрынғы аудитор келісімшартта көрсетілген өтемақыны талап еткен.

Мәселе мынада: Омаров бір жыл жұмыс істегеннен кейін қосымша келісімге қол қойған. Құжат бойынша тараптардың ынтымақтастығы 2028 жылдың қаңтарына дейін ұзартылған. Сондай-ақ жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге жұмыс істемеген қалған айлары үшін толық жалақы төленуі тиіс болған.

Осыған сүйенген Омаров сотқа шағым түсіріп, қалған 20 айдың жалақысын, яғни шамамен 50 миллион теңге өндіруді сұраған. Бұдан бөлек, осы кезеңге тиесілі 20 миллион теңгеге жуық сыйақыны да талап еткен.

Алайда футбол федерациясы талап арызды мойындамаған. ҚФФ өкілдерінің айтуынша, қосымша келісім федерацияда тіркелмеген және мемлекеттік enbek.kz ақпараттық жүйесінде де жоқ. Сонымен қатар өтемақы төлеу мәселесі басшылықпен келісілмеген.

Дегенмен сотта құжаттың заңды түрде жасалғанын растаған маңызды куәгер болған. Ол – ҚФФ-ның бұрынғы бас хатшысы Давид Лория. Айта кетейік, қосымша келісімге федерация атынан қол қойған да осы Лория болған.

Нәтижесінде сот Омаровтың талабын ішінара қанағаттандырды. Федерация бұрынғы қызметкеріне жұмыс істемеген кезеңі үшін тиесілі жалақыны төлеуге міндеттелді. Ал сыйақы төлеу туралы талап қанағаттандырылмады. Сот мұндай төлемді ынталандыру сипатындағы қосымша ақы деп таныған.

Михаил Козачковтың мәліметінше, сот шешімі жақында заңды күшіне енген. Сонымен қатар футбол федерациясы Омаровпен жасалған қосымша келісімді жарамсыз деп тану туралы да талап қойған. Алайда бұл талап та қанағаттандырылмаған.