Сотталған блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген сегіз Hyundai Elantra автокөлігі мемлекеттік мекемелерге берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көліктер бастапқыда әлеуметтік желідегі оқырмандар арасында ойнатылуы тиіс болған. Алайда кейін олар E-Qazyna электронды сауда алаңы арқылы сатылған.
Автокөліктер Эльмира Төлегенова құрған Zhana Business компаниясының балансында тіркелген. Электронды аукцион 7 шілде күні өтті. Лоттардың бастапқы бағасы шамамен 8,4 млн теңге болған.
Аукционға тек мемлекеттік мекемелер, оның ішінде білім беру және әлеуметтік ұйымдар ғана қатысу құқығына ие болды.
Осындай тәртіппен Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті блогерлердің ойнатылымына арналған 17 iPhone 16 смартфонын да аукционға шығармақ.
Әр смартфонның бастапқы бағасы 484 990 теңге болып белгіленген. Бұл құрылғылар да өткізілмей қалған блогерлік ұтыс ойындарының жүлделері болған.