Жалақыға қатысты дау: Шайдоров шенеуніктерге жауап берді

Жалақыға қатысты дау: Шайдоров шенеуніктерге жауап берді
Фото: ҰОК

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров спорт саласындағы шенеуніктердің төлемдер мен келісімшартқа қатысты пікірлеріне жауап берді. Спортшы өз есімінің негізсіз дауға араласқанын қаламайтынын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шайдоров алдымен өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтып, мемлекеттік органдармен ашық тартысқа түскісі келмейтінін, алайда өзінің атына айтылған пікірлерге үнсіз қала алмайтынын жеткізді.

«Еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігін әлі алмаған

Спортшының сөзінше, ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алғаннан кейін «еңбек сіңірген спорт шебері» нормативін орындағанымен, осы күнге дейін тиісті куәлігін алмаған.

– Түсініктеме бергім келеді. Иә, бүгінгі күнге дейін маған еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі табысталған жоқ. Мен барлық рәсімдерден өттім, бірақ құжатты алмадым. Маған қызыл кілем төселген салтанатты рәсім керек емес, оны пошта арқылы конвертпен жіберсе де алар едім. Бұл куәлік – менің он жылдық еңбегімнің нәтижесі, жетістігім мен мұрам, – деп жазды Шайдоров Threads парақшасында.

Олимпиада сыйақысына қатысты шағымы жоқ

Шайдоров Олимпиада ойындары үшін берілетін сыйақылардың кешігуіне қатысты наразылығы жоғын айтты. Оның сөзінше, мұндай рәсімдер уақыт алады және тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына сенімді.

Өмір бойғы төлем туралы: «Бұл ақпарат толық дұрыс емес»

Спортшы министрлік жауабында өмір бойы төленетін төлемдер туралы айтылған мәліметтерде сәйкессіздік барын жеткізді.

– Министрлік жауап беруге асыққан сияқты, себебі бұл ақпарат толық дұрыс емес. Мен бұл төлемдерді тек 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда ғана ала аламын. Қазір мен небәрі 21 жастамын. Сондықтан қазір бұл төлемдерге үміт артып отырған жоқпын. Болашақта ондай еңбек өтілін жинақтауым мүмкін, бірақ әзірге бұл туралы айту ерте. Алда әлі көп жұмыс бар, – деді ол.

Келісімшарттағы басты дау – 2030 жылғы Олимпиада туралы талап

Шайдоров жаңа келісімшартқа қатысты да пікір білдіріп, командасы тек бір тармақты қайта қарауды сұрағанын айтты. Оның сөзінше, құжатта 2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде жеңіске жету туралы талап көрсетілген.

– Біз командамен бірге заңдық тұрғыдан осы тармақты қайта қарауды ғана сұрадық. Өйткені бұл қисынсыз әрі мүмкін емес талап. Мен 2026 жылы тек төрт жылдан кейін өтетін Олимпиаданы ұта алмаймын ғой. Біз заңгерлерге сұрақ жолдадық, тармақты қайта қарауды өтіндік. Бірақ бүгінге дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқандай жағдай болған жоқ, – деді чемпион.

Бес айлық жалақысын қайырымдылыққа аудармақ

Мәнерлеп сырғанаушы сөз соңында спорт шенеуніктері барлық қарыздарын жауып, бес айдан бері кешіктірілген жалақысын толық төлеген жағдайда, бұл қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді.

– Маған тиесілі барлық төлемдер берілген соң, бұл қаражаттың барлығын Балаларды қорғау күніне орай мұқтаж балаларға көмек көрсетуге аударамын, – деді Шайдоров.