Израильдің Иранға соққысы: Brent мұнайы қымбаттап, ғаламдық нарыққа қауіп төнді

Кәмшат Тілеухан 13 мау. 2025 10:46

Израильдің Иранға әуеден жасаған соққысынан соң Brent маркалы мұнайдың құны күрт шарықтап шыға келді. Фьючерстік келісімдер бойынша мұнай бағасы бір күнде 6%-ға өсіп, бір баррель 73 доллардан асып кетті. Кейбір келісімшарттар бойынша, құн тіпті 75,58 долларға дейін жетті. Бұл – соңғы екі айдағы ең жоғарғы көрсеткіш. "Нарықтың бұлайша құбылуына Таяу Шығыстағы шиеленістің қайта өршуі себеп болып отыр", - дейді экономист Руслан Сұлтанов, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Израиль Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға алдын ала жариялай отырып, шабуыл жасады.

Израильдің Қорғаныс министрлігі елде "ерекше жағдай" жариялады, сөйтіп халыққа Иран тарапынан қарымта соққылар болуы мүмкін екенін ескертті. Иран енді әскери және азаматтық нысандарға дрондар мен зымырандар арқылы шабуыл жасап, жауап беруі ықтимал.

АҚШ аймақтағы әскери базаларының қызметкерлерін эвакуациялауға дайындалып жатыр.

Бұл шиеленістің одан әрі ушығуы Ормуз бұғазының тұрақтылығына қауіп төндіруде. Ал бұл бұғаз арқылы дүниежүзілік мұнай тасымалының шамамен 20%-ы өтеді.

Экономист Руслан Сұлтанов мұнай бағасының өсуіне мынандай қосымша факторлар да түрткі болып отырғанын айтады:

"АҚШ-тағы мұнай қоры бір апта ішінде 3,6 миллион баррельге төмендеді. Бұл сұраныстың күткен жағдайдан жоғары екенін көрсетеді. АҚШ-та инфляцияның бәсеңдеуі Федералдық резерв жүйесінің қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені төмендету ықтималдығын арттырып отыр. Бұл өз кезегінде энергия ресурстарына деген сұранысты одан сайын арттыра түспек".

Иран қазіргі уақытта тәулігіне 3,3 миллион баррель мұнай өндіреді. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгей. Өндірілген мұнайдың жартысы экспортқа кетеді. Яғни, Иранның экспорты әлемдік мұнай ұсынысының шамамен 2%-ын құрайды.

Жалпы, Brent мұнайының бір баррелі 2008 жылы шілдеде 147,5 долларға дейін көтерілген еді. Қазіргі өсім қарқынына қарамастан, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда баға 15,4%-ға дейін төмендеген.

"Мұнай нарығы  қазір геосаяси шиеленістің жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл дегеніміз мұнай бағасы енді тек нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа ғана емес, мемлекетаралық саяси текетірестерге де тәуелді бола бастағанын білдіреді. Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі – бір жағынан экспорттық түсімнің артуы, теңгенің нығаюы және Ұлттық қорға қосымша қаражаттың түсуін білдіреді. Дегенмен бағаның бұл өсімі тұрақты болатындығына күмән бар. Геосаясаттың тұрақсыздығы кез келген сәтте нарықтың бағытын өзгерте салуы ғажап емес. Ең негізгі қауіп – егер бұл шиеленіс кең ауқымды соғысқа ұласып, оған АҚШ араласса немесе Ормуз бұғазындағы тасымалдар тоқтатылса, мұнай нарығын тек баға құбылыстары емес, энергетикалық дағдарыстың жаңа кезеңі күтіп тұр. Таяу Шығыстағы геосаяси дағдарысқа байланысты инвесторлар сенімді активтерге қайта көше бастады. Алтын бағасы бір күнде 46,5 долларға (1,37%-ға) өсіп, троян унциясының құны 3448,92 долларға дейін жетті. Қазіргі таңда алтын бағасы әлемдік қауіпті бағалаудың өзіндік индикаторына айналуда", деп жазады Tengenomika Telegram арнасының авторы.

Бұған дейін Израиль әуе күштерінің Иранның ядролық нысандарын атқылауы аясында мұнай бағасы шарықтап шыға келгенін жазғанбыз.

Израиль Иранның Табриз қаласындағы мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) әуеден соққы бергені хабарланған. Зауыт жабдықтары бүлінгені белгілі, зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Сондай-ақ, IRNA агенттігі бірнеше сағат бұрын уран өндірілетін Натанз  қаласындағы Ахмади Рошан мекемесінде жарылыс болғанын хабарлады. Иран теледидарының хабарлауынша, ауаға радиоактивті шығарындылардың таралу белгілері анықталған жоқ. Израиль армиясы түнде Иранның ядролық және зымырандық бағдарламаларына зиян келтіруге бағытталған "Ам КеЛави" ("Арыстан ұлт") операциясын бастағанын жариялады.

13 маусымда таңертең Аятолла Али Хаменеи мәлімдеме жасап, Иранның әскери басшылығы мен ғалымдардың мерт болғанын растады және оларды "шейіттер" деп атады.

Жалпы, АҚШ пен Иран қарым-қатынасы шиеленісі түссе, мұнай тасымалына қауіп төніп, баға көтеріле беретіні болжанған. Сарапшылардың соңғы болжамы бойынша, мұндай жағдайда мұнайдың бір барелінің құны 80 долларға дейін көтерілуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар