Израиль әуе күштерінің Иранның ядролық нысандарын атқылауы аясында мұнай бағасы шарықтай жөнелді. Баға бірден 11,6% үстемеледі. ICE қор биржасының мәліметінше, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 77,36 доллар болды. Ал жарты сағат бұрынғы баға 78,5 долларға дейін жоғарыласа, одан бір сағат бұрын 75,6 доллар болған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Израиль Иранның Табриз қаласындағы мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) әуеден соққы бергені хабарланған. Зауыт жабдықтары бүлінгені белгілі, зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Сондай-ақ, IRNA мемлекеттік агенттігі бірнеше сағат бұрын уран өндірілетін Натанз қаласындағы Ахмади Рошан мекемесінде жарылыс болғанын хабарлады. Иран теледидарының хабарлауынша, ауаға радиоактивті шығарындылардың таралу белгілері анықталған жоқ.
Израиль армиясы түнде Иранның ядролық және зымырандық бағдарламаларына зиян келтіруге бағытталған "Ам КеЛави" ("Арыстан ұлт") операциясын бастағанын жариялады.
Жалпы, АҚШ пен Иран қарым-қатынасы шиеленісі түссе, мұнай тасымалына қауіп төніп, баға көтеріле беретіні болжанған. Сарапшылардың соңғы болжамы бойынша, мұндай жағдайда мұнайдың бір барелінің құны 80 долларға дейін көтерілуі мүмкін.