Иран Ормуз бұғазын жабу туралы шешім қабылдады. Сарапшылар не дейді?

Кәмшат Тілеухан 23 мау. 2025 12:40

Иран бүгінгі дейін әлемге тасымалданатын мұнайдың 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын жабатынын айтып, аракідік доқ көрсетіп келді. Ал бүгін Иран парламенті шынымен де осындай шешімді қабылдады. Ал сарапшылардан бастап халықаралық қаржы ұйымдарына дейін бұл ықтимал жайтты әлдеқашан бағалап, мұндайда мұнайдың бір баррелі 90-нан 130 долларға дейін қымбаттауы мүмкін екенін болжаған. Алайда отандық экономист, мұнай саласының маманы Олжас Байділдинов бұл ретте асығыс ұйғарым шығармауға шақырады. Өйткені, оның пікірінше, Ормуз бұғазын жабу физикалық әрі материалдық тұрғыда мүлде мүмкін емес көрінеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетсек, Ормуз бұғазы арқылы әлемде өндірілген мұнайдың  шамамен 20%-ы және сұйытылған табиғи газдың 35%-дан астамы тасымалданады. Бұл – Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Катар, БАӘ және Бахрейн сияқты Парсы шығанағы елдерінің энергетикалық ресурстарын экспорттайтын негізгі бағыт. Ормуз бұғазымен күн сайын шамамен 3 миллион баррель мұнай өтеді. Бұл – әлемдегі тәуліктік мұнай өндірісінің бестен бір бөлігіне тең көлем.

"Расында, бұғаз көздегенге өте қолайлы нысана. Оның ені - бар болғаны 30-100 шақырым ғана. Бірақ оны қалай жабуға болады? Бұл біздің Маңғыстаудағы ереуіл емес,  жолды жауып қоя салатын. Теңізді немен жабасың? Кемелермен бе? Иранда өзі қанша кеме бар? Қара теңіздегі қақтығыстан белгілі, қазір кез келген кеменің көзін су үстіндегі дрон-қайықтар оп-оңай құрта салады. Мина қойып тастау керек пе? Бұл – қазір кеңінен тараған нұсқа. Ал минаны қайда, қалай қояды? Оны кемемен порттан алып шыққанда-ақ әуеден соққы жасау арқылы талқандай салмай ма?  Әлде дрондармен апарады ма? Иә, солай жасауға әбден болады. Бірақ қазірдің өзінде бұғазда көптеген әскери кемелер сақадай-сай тұр: кез келген ұшқан нысанды жоятын. Әлде зымырандарды пайдаланған дұрыс па? Ол үшін дәл сол сәтте, нақты уақыт режимінде нысананы дәлдеп бағыттайтын жүйе қажет. Ал, Иранда зымыран қолданысының мүмкіндігі шектеулі. Уикипедия дерегінше, Иранда Қытайдан көшірілген "Нұр" зымырандары бар. Бірақ оларды қалай ұшырады? Бір-екі рет атар ары кетсе, алайда оларды ауадан бірден қағып алады емес пе?" деп жазыпты Байділдинов Telegram-дағы арнасында.

Ал қалай дегенмен де бұл бұғаз, Иран билігі бүгін шешкендей, жабылатын болса, Goldman Sachs, Citigroup және JPMorgan  сынды халықаралық қаржы институттары "қара алтынның" бағасы шарықтай жөнелетінін болжайды.

Goldman Sachs сарапшылары егер геосаяси жағдай бұрынғы қалыпты жағдайға оралса, Brent мұнайының бір баррелі 2025 жылдың IV-тоқсанында, тіпті 60 доллардан да төмен түсіп кетуі мүмкін деп санайды. Ал, егер Иранда мұнай тасымалында проблемалар туындаса, онда баға 90 доллардан асаға жоғарылауы ықтимал.

Citigroup сарапшылары Ормуз бұғазы блокадада қалып кетсе әрі мұнай тасымалындағы үзілістер арасы ұзап кетсе баға 90 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтады. Ал қатаң сценарийлерде баға шығы 120-130 долларды игреуі ықтимал.

"Өндіріс көлемінің өсімі және Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуі ақырында бағаның сабасына түсіру рөлін атқаруы мүмкін. Яғни, бұл ретте баға өсімі қысқа мерзімді сипатқа ие болатын сияқты", - дейді Citigroup сарапшылары.

JPMorgan сарапшылары Ормуз бұғазы арқылы өтетін арна жабылса немесе Таяу Шығыста ірі соғыс оты тұтанса  мұнайдың бір баррелінің құны 130 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп ескертеді.

Айта кетсек, 22 маусымға қараған түні АҚШ-тың әуе күштері Иранның Фордо, Натанз және Исфахан сынды ядролық нысандарына дөп соққы берді. Осылайша 13 маусымнан бері өз жалғастығын тауып жатқан Иран мен Израиль қақтығысы жаңа реңке ие болды. АҚШ-тың тікелей әскери қатысы геосаяси шиеленісті одан сайын ушықтыра түсуде. Инвесторлардың басым бөлігі бағалы қағаздардан ақшасын алып, алтынға салуға жаппай көшті...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар