"Әлем бір хаостан аман қалды". Иранға қатысты соңғы мәліметтер топтамасы

Кәмшат Тілеухан 23 мау. 2025 10:49

Өткен демалыс күндері бүкіл адамзаттың шашын тік тұрғызған оқиға орын алды. 22 маусымда АҚШ-тың әуе әскери күштері Иранның үш ядролық нысанын бомбалап тастады. Түсінесіздер ме, жазық дала немесе тау-тасты емес, ядролық нысандарды. Бүкіл әлем іштен тынды. Ауаға радиация тарап жатыр ма? Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті ме? Осы екі сұрақтың жауабын біле алмай, демалыс күндері жұрт шарқ ұрды. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" демекші, негізі, екінші дүниежүзілік соғыс нақ осы 22 маусымнан басталған екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сонымен осы демалыс күндері Таяу Шығыста не болды? Негізінен, АҚШ Иранға ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер талқысына екі апта уақыт берген. Сондықтан Иран АҚШ тарапынан соққыны күткен жоқ. Дегенмен Израильмен шиеленістің күшеюі Тегеранды 21 маусымда кешке Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің арнайы отырысын өткізуіне мәжбүр етті.  Өйткені осы күні Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранның зымыран инфрақұрылымына бірқатар соққы жасаған. Жалпы, 13 маусымнан бері жалғасып жатқан кезек-кезек атыс-шабыс барысында Иранда 220 адам қаза тауып, 2,8 мыңы зардап шеккен. Ал Израиль 20 адам опат болып, 1,2 мыңы жараланғанын хабарлаған. Яғни, күн өткен сайын адам шығындары артуда. Бұл жиын жабық форматта өтті.

Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи жиналған қауым алдында ашына сөйледі:

"Неге бізді атқылай береді? Міне, 20 жыл болды, біз байытып жатқан уран тек бейбіт мақсаттарға арналғанын дәлелдеумен келеміз. Тіпті, арнайы сөз беріп, келіссөзге де қол қойдық. Бүкіл әлем бізді құттықтады. Бірақ бұл келіссөзден АҚШ өзі шығып кетті. Одан кейін біз жаңа келіссөзге келуге тырыстық. Бірақ олар оның орнына бізге шабуылдауды жөн деп тапты. Басында, Израильды пайдаланды, енді ашықтан ашық өздері доқ көрсетуде".  

ИЫҰ-ға мүше елдердің барлығы өз көзқарастарын білдірді. Соның ішінде Қазақстан да. ҚР Сыртқы істер министрі өз сөзінде Иранның айналасындағы жағдайды деэскалациялаудың маңыздылығына назар аударып, Газа секторына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді ашуға шақырды.

"Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын растайды және тағы да атысты дереу тоқтатуға және Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырады", – деді Мұрат Нұртілеу. 

Осы ретпен кездесу барысында делегация басшылары ИЫҰ кеңістігіндегі түрлі әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды реттеу жөніндегі шараларды талқылап, Иран-Израиль қарулы қақтығысты тез арада шешуге және Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды. Бірақ мұны елеген АҚШ болмады.

2025 жылдың 22 маусымға қараған түні АҚШ-тың әуе күштері Иранның Фордо, Натанз және Исфахан сынды ядролық нысандарына дөп соққы берді.

Мұны мақтана отырып, алдымен АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social-дағы өз аккаунтында жазды.  

"Біз Ирандағы үш ядролық нысанға өте сәтті шабуыл жасадық. Бомбалар негізгі нысан - Фордоға дөп тиді. Біздің барлық ұшағымыз Иранның әуе кеңістігін тастап, үйге аман-есен қайтып келеді. Біздің ұлы американ жауынгерлерімізді құттықтаймыз! Әлемде мұндайды істей алатын басқа әскери күш жоқ. ЕНДІ БЕЙБІТШІЛІК ОРНАТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ! Назар аударғандарыңыз үшін рақмет".

Трамп Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және ЦРУ басшысы Джон Ратклифпен бірге ситуациялық бөлмеде соққылар мен олардың салдарын сырттай бақылап отырғаны белгілі болды.

Негізінен, әскери тұрғыда АҚШ тарапы өте әккі іс-қимылдар жасап, сауатты әскери шешімдер қабылдаған. Осыны мақтана айтқысы келген биліктің сөзін бүкіл әлем тұр ғой америкалықтардың өзі де естігісі келмей, теріс айналды.

Америкалық республикашыл конгрессмен Томас Масси АҚШ-тың Иранға соққыларын Конституцияға қайшы деп атады. Бірнеше күн бұрын ол Трампқа Иранмен арада соғысты өзі жалғыз бастауына тыйым салатын қаулы қабылдауды ұсынған болатын. Ал болар іс болғаннан кейін АҚШ Конгресінің мүшесі Александрия Окасио-Кортес АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялайтын уақыт келгенін айтты.

"АҚШ-тың Ирандағы нысандарға жасаған шабуылдары Трампқа импичмент жариялауға негіз болып табылады", деп жазды Александрия Окасио-Кортес Х-дағы парақшасында.

Конгрессмен Президенттің шешімін жүгенсіздік деп атады. Оның пікірінше, Трамптың импульсивті түрде бастаған соғысы бүкіл елді, тіпті алдағы ұрпақтарды да тұзаққа түсіруі мүмкін.

Дегенмен жұртты ол емес, NASA жариялаған мәлімет қатты алаңдата бастады. NASA-ның Бақылау жүйесі АҚШ-тың әуе шабуылдары туралы жасаған хабарландыруынан біраз уақыт бұрын Иран ядролық нысаны Фордо аумағынан күшті жылу жарылысын тіркеген. The New York Times газетінің хабарлауынша, мұндай белгілерді жүйе, әдетте бомбалау орындарында немесе алапат өрт болғанда тіркейді. Кейбір жағдайларда жүйе өнеркәсіптік шығарындыларды немесе табиғи өрттерді де осылай тіркеуі мүмкін, алайда Фордо аймағында соңғы айда мұндай оқиғалар болмаған.

Осы хабардан кейін ел дүрліге бастады. "Ауаға радиация тарады ма, әлде тарамады ма, неге осы жайт айтылмайды" деген сауалдар Жер шарының түкпір-түкпірінен қарша борады. Осыдан кейін Халықаралық Атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) ақпарат таратты

"Иранның үш ядролық нысанына, соның ішінде Фордоға жасалған шабуылдарға байланысты МАГАТЭ қазіргі уақытта объектілерден тыс аумақтарда радиация деңгейінің артуы тіркелмегенін растай алады. МАГАТЭ Ирандағы жағдайды ары қарай бақылап, жаңа ақпарат түскен жағдайда қосымша хабарландыру жасайды", делінген МАГАТЭ-нің Х әлеуметтік желісіндегі хабарламада.

Бұл арадағы "объектілерден тыс" деген сөз көптің көңілін одан бетер күпті етті. Осы кезде Иранның өзі мәлімдеме жасап, қарашаның басындағы жаман ойды ақыры сейілтті.

Сөйтсе байытылған уран АҚШ соққы берген барлық үш орталықтан алдын ала әкетілген болып шықты.   Иран билігі біраз уақыт бұрын АҚШ соққы жасағанға дейін барлық үш ядролық нысанда эвакуациялау жұмыстарын жүргізген екен.

"Байытылған уран қоры ядролық орталықтардан тасып әкетілген, жалпы радиация тудыруы және отандастарымызға зиян тигізуі мүмкін материалдар бұл нысандарда болған жоқ", - деді Абедини 22 маусымда тікелей эфир кезінде.

Иран парламенті төрағасының кеңесшісі Мехди Мохаммадидың айтуынша, Иран Фордоға шабуыл жасалатынын білген, сондықтан "нысан іші әлдеқашан эвакуацияланып қойылған". Расында, Maxar спутниктік барлау компаниясы Фордо зауытының аймағында АҚШ-тың соққыларынан екі күн бұрын "жүк көліктерінің ерекше белсенділігі" тіркелгенін хабарлады. Осылайша әлем бір хаостан аман қалды. Ал соғыс ары қарай кең көлемдіге ұласуы мүмкін бе? Әзірге, ол жағы, беймәлім. Ал бүгін АҚШ Қорғаныс министрі өздерінің соғысты қаламайтынын, тек Иранды сабасына түсіргісі келетіндерін айтып ақталды. Дегенмен Ақ үй 48 сағат ішінде Иран тарапынан жауапты соққы болады деп күтетін көрінеді...

PS Көкті тазалап, қос тарап "оқ қашан атылады" деп тым-тырыс күтіп отырса, Иран аспанында бір ұшақ беймарал кетіп барады дейді. Сөйтсе ол Қазақстандікі болып шыққан. Бірақ бұл тура кеше болған жайт емес. Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс 13 маусымнан бері жалғасып жатқаны белгілі. Расында, 16 маусымда ҚР СІМ баспасөз қызметі ескертуге қарамастан Қазақстан ұшақтары араб елдеріне Таяу Шығыс арқылы ұшқанын айтып, мемлекеттік органдарға ескерту жасаған. Ал Air Astana компаниялар тобы тек бүгін, 23 маусымда Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленуіне байланысты мынадай рейстерді тоқтататынын хабарлады: КС191/192/Атырау-Дубай-Атырау; КС205/206/Астана-Дубай-Астана; КС897/898/Алматы-Дубай-Алматы; КС655/656/Астана-Доха-Астана. Орындалмаған рейстердің жолаушыларына ақысыз қайта брондау немесе билетінің құнын толық қайтару ұсынылды. 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар