Таяуда Ұстаздардың тамыз конференциясы аясында «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ ұйымдастыруымен «Кедергісіз білім беру: сапа мен қолжетімділік» республикалық панельдік секциясы өтті.
Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың қызметкерлері, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Секцияда Қазақстандағы арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелер, аймақтық тәжірибе және инновациялық шешімдер талқыланды. Спикерлер мемлекеттік саясатты жүзеге асыру шаралары, мектеп оқушыларының кәсіби бағдарлануы мен инклюзивтілік, барлық балаларға тең қолжетімді білім беруді қамтамасыз ететін көмекші технологиялар, «Пионер+» инклюзивті шешімдерінің экожүйесі, әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтері, арнайы мектептерді жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек, өңірлік кәсіптік бағдарлау тәжірибесі және «Менің болашақ мамандығым» бағдарламасы бойынша баяндамалар жасады.
Панельдік секция барысында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Лаура Бутабаева «Инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстандағы инклюзивті білім берудің маңыздылығы мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын атап өтті.
«Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтудың бір тетігі – арнайы білім беру ұйымдар желісін кеңейту. Білім беру ұйымдарында барлық балаларға тең мүмкіндік жасау мақсатында арнайы жағдайлар жасалып, тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың 73 %-ында, мектептердің 91 %-ында, колледждердің 85 %-інде инклюзиялық білім беру жағдайлары қамтамасыз етілген», – деді орталық басшысы.
Айта кету керек, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруда жетекші мекеме болып табылады. Орталық түрлі қажеттіліктер мен білім беру деңгейлерін ескере отырып, арнайы білім беру мазмұнын қамтитын 83 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен дайындады. Сонымен қатар, педагогтерге арналған инклюзивті ортада оқыту, түзету жұмыстары, саралап оқыту тәсілдері және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жеке жұмыс жүргізу бойынша 15 әдістемелік ұсыным әзірленді. Арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдары үшін жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес бейімделген 67 типтік оқу бағдарламасы жасалды.
Іс-шара барысында «E-ымдау» мобильді қосымшасының таныстырылымы мен әдістемелік көрме өткізілді, сондай-ақ инклюзивті және арнайы білім беру туралы бейнеролик көрсетілді.
Секция қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, арнайы және инклюзивті білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтты. Панельдік секция өз жұмысын нәтижелі аяқтады.