Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын ірі отандық баспа өкілдерімен кездесті. Жиында оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту және оқу әдебиетінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрлік мәліметінше, кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын көтеру және оқушыларды заманауи оқу материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында өткен.
Кездесу барысында мектеп оқулықтарының мазмұнын жаңарту, олардың мемлекеттік білім беру стандарттарына сай болуы, сондай-ақ министрлік, сарапшылар қауымдастығы мен баспалар арасындағы жұмысты күшейту мәселелері қаралды.
Жұлдыз Сүлейменова баспа басшыларына оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту бойынша нақты міндеттерді жеткізді. Ол жаңартылған басылымдарды дайындау және шығару мерзімдерін қатаң сақтау қажет екенін атап өтті.
Министр бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жариялаған талдау нәтижелеріне де тоқталды. Аталған талдау барысында қолданыстағы мектеп оқулықтарынан әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескерту мен қате анықталған.
Оқулықтарды жаңарту оқу материалдарының сапасын арттырып, олардың қазіргі білім беру талаптарына және мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарын жаңартылған оқулықтармен қамтамасыз ету кестесі де айтылды. Жоспар бойынша 3 және 7-сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтар 2026 жылғы 30 тамызға дейін, 4 және 9-сыныптарға арналғандары 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал 8-сынып оқулықтары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жеткізілуі тиіс.
Кездесу соңында тараптар жаңартылған оқу басылымдарын уақытылы дайындау және шығару бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.