"Теңгеден әл кетіп еді, оған мойнын созып, шетінен таң қалысып жатқандар баршылық екен. Сырттай қарасаңыз, олардың әрекеті күлкі шақырады. Ал ендеше олар бұған дейінгі еліміздегі аномалды жоғары инфляцияға, теріс мәндегі нақты пайыздық мөлшерлемеге неге немқұрайлы қараған? Инфляция дегініңіз "өрт", экономика қызып барады, соған бағытталған саясат жүріп жатыр, бірақ нарықтағылар, дым болмағандай күй кешіп еді осыған дейін". Осылай ашуланған қаржыгер-маман әрі Monetarity Telegram арнасының авторы Владислав Туркин Ұлттық банктен теңге бағамын тізгіндеп ұстауды жаппай талап етуші төмен базалық мөлшерлемені қолдайтындардың екіжүзді әрекетін де сұқ саусақпен нұқып көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ал анау, теңге түріндегі мемлекеттік бағалы қағаздардың (МБҚ) табыстылығы мен АҚШ облигациялары арасындағы үлкен айырма (спрэд) ше? Көздерің көрсе, соны неге көрмейсіңдер? Сол кезде ішекті тарту керек еді. Өйткені бұл айырмашылық ақша бағамына қатысты тәуекел мен инфляциялық сыйақыларды сипаттап, теңгенің алда да әлсірей түсетінін танытқан. Есеп-қисаптарға сүйенсек, базалық модельдер бойынша теңгенің тепе-тең шамасы 520 төңірегінде қалыптасқан. Сатып алу қабілеті мен пайыздық мөлшерлемелер паритеті арқылы дәл осы деңгейге келеміз. Осы жағынан алғанда, бағамның, керісінше 520 теңгеден төмендеуі түсініксіздеу, трендтік инфляция локальды максимумды игеріп, инфляцияны есепке алғанда SAAR (жылдық мәндегі маусымдық түзетулер) мөлшерлемесі, тіптен теріс аймаққа жылжыған (ақпаннан бастап мамырға дейін)", - дейді маман.
Туркиннің пікірінше, 1 АҚШ доллары құнының 520 теңгеден асуына мынандай бірнеше фактор бар:
- Біріншіден, басты фактор – экономиканың қызуы. Оған Үкімет "үдемелі индустрияландыру" деп әдемілеп бетперде тағып қойды. "Ерекше жол", "экономикалық серпіліс", "потенциалды өсіру" деген ұрандар артында не жатқаны белгілі: экономикаға ақша бүгін құйылады, ал күтілген қайтарым, әрине кешігеді, позитивті ойлағанның өзінде, белгісіз уақытқа әйтеуір қайтады. Оған қоса бұл инвестицияның басым бөлігі импорттық құрылғылар мен материалдарға жұмсалады. Нәтижесінде шетел валютасына деген сұраныс күрт артып, бұл маусымдық факторлармен, инфляциялық күтулермен және пайыздық тәуекелдермен жағдайды одан сайын ушықтыра түседі.
- Екіншіден, инфляциялық және ақша бағамына қатысты ауан. Еліміздегі инфляция нысаналы деңгейге тұрақтамай, жұрттың девальвацияға қатысты күдігін күшейіп тұр. Оның үстіне Ұлттық Банктің маусым айындағы отырысында базалық мөлшерлемені көтермеу туралы қабылдаған шешімі нарықтың күдігін одан сайын ұлғайтты. Үкімет пен реттеуші органның "инфляция – қалыпты құбылыс", "мөлшерлемені қатты көтермейміз, өсімге кедергі болмасын" деген мәлімдемелері ақша-кредит саясатына деген сенімді шайқалтты.
- Нәтижесінде теңге бағамы қазір макроэкономикалық фундаментальды факторлардан гөрі елдегі монетарлық тәртіптің институционалды құлдырауын көрсетеді. Осылайша, инфляцияға бей-жай қараудың, теңге мен доллар арасындағы инфляциялық айырмашылық пен пайыздық мөлшерлемедегі алшақтықтың кесірінен теңге біртіндеп құнсызданып жатыр. Оған қоса, экономиканың жасанды жолмен қызуы да сұранысты арттырып, қысымды күшейтуде.
"Егер биылғы орташа бағамды алып, инфляция болжамдарына қарай шағып есептеп жіберсек, бір жыл ішінде теңгенің долларға шаққандағы бағамы 550-560 шамасына барып қалады. Әрине, бұл -тек орта мерзімді бағдар. Қазіргі жоғары сұранысты, тәуекел факторларын ескерсек, ақша бағамы бұдан да жоғары болуы мүмкін. Ал Үкімет басшысының "бюджеттік бағам" ретінде 540-ты айтуы, меніңше, қысым көзі болып табылмайды, керісінше, экономикалық тұрғыдан негізделген, инфляциялық тәуекелдерді ескермеген есеп-қисапқа сүйенген дұрыс болжам. Жалпы, бағдары дұрыс, ол үшін арқасынан да қағып қоюға болады. Бірақ, мәселе мұнда емес, басқада. Үкімет өз болжамын жариялады, алайда теріс салдарларды жоюға бағытталған нақты шараларды айтпады. Негізі, біз айтып отырған мәселенің түп-тамыры осы арада жатыр. Теңге бағамы – себеп емес, ол тек салдар. Инфляция ұдайы жоғары болып тұрса, монетарлық саясат нашар жүргізілсе, ал фискалдық саясат "халыққа жағамын" деп ұрандатып жатса, валюталық бағам ерте ме, кеш пе пессимистік сценарий көрсеткіштерін "қуып жетуі" әбден ықтимал", деп сөзін түйіндейді ол.
Бұған дейін экономист Алмас Чукин инфляция халықтың ақшасын қалай "жеп" жатқанын айтып, өз болжамымен бөліскен.