Nazira Gold қаржы пирамидасы: 1,2 млрд теңге жинаған ұйымдастырушыларға үкім шықты

Көркем Алдабергенова 29 қаз. 2025 09:06

 
Шымкентте алтын арқылы «оңай табыс» уәде еткен Nazira Gold қаржы пирамидасының ісі бойынша сот үкімі шықты. Компания салымшыларға ай сайын 21–41% көлемінде пайда түсіп отырады деп сендірген. Нәтижесінде, жылдам байығысы келген азаматтар қаржы пирамидасына 1 миллиардтан астам ақша салып жіберген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Пирамиданың негізін қалаушы Назира Нұржан мен оның сегіз сыбайласына қатысты қылмыстық іс қаралып, барлығына нақты мерзім берілді. Алайда олардың басым бөлігі әзірге үйлеріне қайтарылады.
 
Назира Нұржанға ірі көлемдегі алаяқтық жасау, ірі көлемдегі қаржы тарта отырып, қаржы пирамидасын құру, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша айып тағылды. Қалған жеті адамға қаржы пирамидасын ұйымдастыруға жәрдемдесті деген айып тағылған. Пирамидаға салынған жалпы сома - 16 млрд теңге.
 
Nazira Gold екі жылдан сәл астам уақытта құрылып, қатысушыларға 5 ай бойы ай сайын 21%-дан 41%-ға дейін пайда түседі, ал содан кейін салым толық қайтарылады деп уәде берген. Осы уәдемен Назира 1,2 млрд теңгеден астам қаражат жинаған.
 
Түскен ақшаны ол жер, үй, көлік пен алтын сатып алуға жұмсаған. Сондай-ақ, Назира өз «алтын командасымен» мақтанған – бұл жаңа салымшыларды тартумен, жарнама жүргізумен және қаржы жинаумен айналысқан көмекшілер тобы болған.
 
Halyqstan мәліметінше, сотта айыпталушылардың көпшілігі (көбі – әйелдер) кінәсін ішінара мойындап, бостандықтан айырмайтын жаза беруді сұрады.
"Жаза тағайындау кезінде сот 7 айыпталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін, тағы бірінің кінәсін мойындағанын және тағы бір әйелдің зейнет жасында екенін ескерді", – деп хабарлады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Үкім
  • Назира Нұржан 10 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленеді. Бірақ кішкентай баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға шегерілді.
  • Тағы бес әйел – әрқайсысы 5 жылға сотталды, бірақ жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды.
  • Екі ер адам – әрқайсысы 5 жылға түрме жазасын алды (шегерімсіз).
  • Тағы бір әйелдің жасы мен денсаулығы ескеріліп, ол 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Зардап шеккендердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды – оларға келтірілген зиянның бір бөлігі ғана өтеледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар