2020 жылы 100 теңге тұрған тауар бүгінде 167 теңге тұрады - экономист

Dalanews 22 шіл. 2025 11:45

Экономист Алмас Чукин теңге жылдың ең ауыр кезеңіне аяқ басты деп санайды. Әдетте, ұлттық валюта жаз ортасынан күздің соңына дейін "мазасы кетіп", құбылмалы күйге түседі. 2015 жылдың тамызында, тіпті теңгені "инфаркті" ұстап, қысымы күрт көтерілгені есте. Алайда биыл екінші жартыжылдықта теңгенің жағдайы бұрынғыдай нашарлай қоймайды дейді сарапшы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Шілде-тамыз айларынан қарашаға дейін теңгенің жағдайы дәстүрлі түрде қиындайды. Бірақ биылғы жағдай аса қорқынышты емес. Мұнай бағасы құлдырап, сыртқы факторлар құбылып тұрғанына қарамастан, теңге тұрақты деңгейде тұр. Инфляция Қазақстанда 12 пайыз болса, АҚШ-та – 3 пайыз. Сатып алу қабілетіне салсақ, теңге шамамен 9 пайызға әлсіреуі тиіс еді. Бірақ ол жыл басында 525 деңгейінде тұрса, қазір де сол шамада. Яғни, іс жүзінде доллармен салыстырғанда теңгенің сатып алу қабілеті біршама нығайды", – дейді экономист Forbes.kz сайтына берген сұқбатында.

Алмас Чукиннің болжамынша, қазіргі деңгей жыл соңына дейін сақталмақ. Тіпті, АҚШ пен Иран арасындағы келісім нәтижесінде мұнай нарығына қосымша өнім түссе де, теңгенің құлдырауы екіталай.

"Бірақ күзде уақытша ауытқулар болуы мүмкін, себебі бюджеттің шығыстары жыл соңында қарқынды жүзеге асырылады. Ал рубльді қазір қолда сақтаудың мәні жоқ", - дейді сарапшы.

Экономист халықтың жалақысына қатысты да күрделі есеп-қисапты алға тартты. Инфляция деңгейі кейінгі жылдары мынадай қарқынмен жүрді:

  • 2020 жыл – 7,5%
  • 2021 жыл – 8,4%
  • 2022 жыл – 20,3%
  • 2023 жыл – 9,8%
  • 2024 жыл – 8,6%.

Осылайша, 2020 жылдан бері инфляцияның жиынтық өсімі 67,2%-ды құраған.

"Бұл қарапайым ел адамының өміріне қалай әсер етеді? 2020 жылы 100 теңге тұрған тауар бүгінде 167 теңге тұрады деген сөз. Егер ақшаның сатып алу қабілеті тұрғысынан есептесек, сіздің қолыңыздағы 100 теңге төрт жыл бұрынғы 60 теңгеге тең. Демек, теңгенің сатып алу қабілеті 40%-ға құлдырады деген сөз. Яғни, 2020 жылғы жалақыңыз өзгермесе, сіз бүгін сол кездегіге қарағанда 40%-ға аз ақша алып жүрсіз. Сол кезде 100 мың теңгеге алған затыңыз бүгінде 167 мың теңге тұрады. Жыл соңына дейін оған тағы 12% қосылады. Мұндай қарқынмен жүрсек, 7 жылдан кейін инфляцияның екі еселенгеніне куә боламыз", – дейді маман.

ҚР Ұлттық Банктің дерегі бойынша, биыл маусымдағы жылдық инфляция 11,8%-ды көрсетті. Барлық салада баға өсімі байқалып отыр. Әсіресе, қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық (16,1%) анық байқалады. Бұған реттелетін тарифтердің өсуі де, нарықтық қызметтер құнының артуы да ықпал еткен. Сонымен қатар азық-түлік бағасы (10,6%) да инфляцияға үлкен үлес қосып отыр. Бұған импорттық тауарлар мен негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы себеп.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар