Хасанды ақтау процесі ме? Сотталушылардың ата-анасы хуторлық банда жоқ деп шықты

Көркем Алдабергенова 17 мау. 2025 09:20

Талғар ауданында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі барысында кейбір адамдар ел арасында «Хуторлық Хасан» есімді азамат пен оның айналасындағы қылмыстық топ туралы мәлімет айтқан болатын. Алайда Шерзатты өлтіріп, темір торға тоғытылғандардың ата-аналары бастапқыда Хасанды мүлде танымайтындарын айтып, оны ешқашан көрмегендерін дәлелдеуге тырысқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Ондай банда жоқ. Мұның бәрі өтірік сөз. Бұл сөзді кім шығарғанын білмеймін, Қаржаубайлар айтты ғой. Хуторлықтардың бастығы Хасан деп. Осы жерде туып өскен менмін ғой. Ондай банды да жоқ. Хасан туралы ештеңе білмейміз. Қазір олар бұл жақта тұрмайды», – деді Нұрқияс Ілиясовтың әкесі Төлетбек Ілиясов.

Сот отырыстары кезінде де, одан бұрын да Талғарда «Хутор» деген атаумен танылған топтың тұрғындарға күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасағаны жайлы мәліметтер тараған. Бұл ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілер мен YouTube платформаларында қызу талқыға түсті.

«Ел дауысы» YouTube арнасына берген сұхбаттарында сотталғандардың туыстары жұмыссыз қалғандарын айтып, Қаржаубайдың үйін өртегендерді табуды, кінәлілерді жазалауды талап етті.

Бұған дейін Хасанды мүлде танымаймыз деп мәлімдеген кейбір ата-аналар уақыт өте келе пікірлерін өзгертіп, оны тіпті батыр ретінде көрсеткісі келіп, ақтап алуға тырысып бақты.

«Жоқ, бұған дейін осы ауылда банды бар екенін естімедік. Осы ауылда тұрғаныма 25 жыл болды. Бұл ауылда да үлкен ақсақалдар бар. Хасан деген есімді мен естіген жоқпын. Енді осы ауылда тұрған. Ол баланың да жақсылықтарын айтып жатыр. Қаңтар кезінде осы Талғардың бір ғимаратының терезесі сынбады. Жан-жаққа адам қойып, сырттан келген бұзақылардан аман сақтады», – деді Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтардың анасы Айгүл Кемелбекова.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев 2024 жылғы 2 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Оған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және адам ұрлау бойынша күдік тағылған. Бұл қылмыс 2021 жылдың маусым айында болған. Кейін осы іс бойынша бес адам сотталып, жазаларын өтеу орындарына жіберілгені белгілі болды.

Кейін полиция мәлімдеме жасап, Хасан Қасымбаевтың ұсталуы - Шерзаттың өліміне байланысты емес екенін хабарлады.

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат Арман Алимовті ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.

Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - деді бұған дейін Алматы облыстық ПД өкілдері. 

Ермұхамет Ертісбаев ағасы әкімдікте жұмыс істеген ауданда Хасан Қасымбаевтың табысқа қалай кенелгенін құқық қорғау органдары тексеруі керек деп мәлімдеді.   


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар