Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына төніп тұрған қауіп-қатерлерді атады

Кәмшат Тілеухан 30 мам. 2025 12:20

Инфляцияның үдеп, тоқтаусыз өсуі және әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына белгілі бір деңгейде қауіп тудырады. Таяуда Қазақстанда болған Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) миссиясының өкілдері өз сапарлары қорытындысы бойынша осындай болжамды алға тартты. Сондай-ақ олар Қазақстан Үкіметінің қосымша құн салығын өсіру бастамасын қатты қолдайтындарын да жеткізген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сарапшыларының пайымдауынша, 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6%-ға өсіп, 2024 жылдың соңындағы 4,8%-дық көрсеткіштен жоғар болды. Бұл өсімге негізінен қызмет көрсету саласы, көлік, құрылыс, өңдеу және тау-кен өнеркәсібіндегі белсенділіктің артуы себеп болған. Сонымен қатар іштей тұтынушылық несиелеудің жоғары қарқыны, бюджеттік-салықтық саясаттың жұмсақтығы және мемлекеттік инфрақұрылымдық инвестициялардың үлесі өсімді ынталандырып отыр.

Инфляция мәселесі шешілген жоқ

ХВҚ есебінде Қазақстандағы инфляцияның әлі де жоғары екені атап өтілген. 2025 жылдың сәуір айында жылдық инфляция 10,7%-ға жетті. Бұл ішкі нарықтағы баға өсімімен қатар, былтырғы жылдың соңындағы теңгенің құнсыздануының салдары туындауда. Сарапшылар инфляция алдағы уақытта 10,5%-дың шамасында болады деп болжайды.

"Себебі банктердегі артық өтімділікті азайту мақсатында резервтік талаптарды күшейту инфляция қысымын төмендетуге септігін тигізуі мүмкін. Алайда 2025 жылдың жалпы нәтижелері бойынша экономикалық өсім баяулап, шамамен 5%-ды құрауы мүмкін. Бұл Қазақстанның негізгі сауда серіктестері болып саналатын елдердегі экономикалық өсімнің бәсеңдеуімен және мұнай бағасының төмендеуімен байланысты. Ұзақмерзімді болжам бойынша, мұнайға жатпайтын секторлардағы өсім орташа есеппен 3,5%-ды құрайды деп күтіледі", делінген ХВҚ есебінде.

Бюджет тапшылығы және төлем балансы

Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне байланысты Қазақстанда бюджет тапшылығының ұлғаю түсуі күтіледі. ХВҚ-ның болжамынша, мұнайдан тыс бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 7,9%-ынан 8%-дан жоғары деңгейге жетуі мүмкін.

"Қазақстан үкіметінің 2026 жылға қарай ҚҚС мөлшерлемесін көтеру, салық базасын кеңейту және салық терімін цифрландыру жоспары оң бағаланып отыр. Бұдан бөлек, салықтық жеңілдіктерді азайту арқылы бюджет кірісін көбейту ұсынылуда. Сондай-ақ, 2025 жылы төлем балансының тапшылығы 2024 жылғы 1,3%-дан 3,5%-ға дейін өседі деп болжанып отыр. Бұған мұнай бағасының төмендеуі және мемлекеттік шығындар мен халықтың тұтынысы деңгейінің жоғары болуы әсер етуде", делінеді құжатта.

Банк секторындағы тәуекелдер

ХВҚ есебінде банк секторының қаржылық жағдайы жақсы деп бағаланғанымен, тұтынушылық несиелеудің жылдам өсу қарқыны қаржылық тұрақтылық үшін қосымша тәуекелдер тудыратыны баса көрсетілген.

"2025 жылдың наурызында жалпы несие беру көлемі жылдық есеппен 20%-ға баяуласа да, тұтынушылық несие 31%-ға дейін өскен. Бұл ретте, проблемалық несиелердің көлемі де ұлғайған. Осыған орай, банктердің несие беру саясатындағы тәуекелдерді азайту үшін макропруденциалдық саясатты қатаңдату ұсынылады", - дейді сарапшылар.

Экономикаға төнген қауіп-қауіптерлер

Экономиканың даму перспективасына қатысты қауіптер әлі де баршылық. Мұнай бағасының төмендеуі, Қазақстанның негізгі сауда серіктестері елдеріндегі экономикалық өсімнің бәсеңдеуі сыртқы қауіптер ретінде қарастырылып отыр. Ал ішкі қауіптер арасында ірі инфрақұрылымдық жобалардың кешеуілдеуі және инфляциялық қысымның күшеюі баса аталады.

Дегенмен, Қазақстанның қаржылық резервтері жеткілікті болғандықтан, бұл қауіптерді жеңілдетуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, экономиканы әртараптандыру және жеке секторды дамыту бойынша құрылымдық реформаларды жеделдету ұсынылуда.

ХВҚ Қазақстанның тұрақты әрі әртараптандырылған экономикалық өсімге қол жеткізуі үшін құрылымдық реформаларды қарқынды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Инфрақұрылым, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы және логистика салаларына қолға алынған инвестициялар әрі қарай өз жалғасын табуы керек.

Бұған қоса, экономикадағы мемлекеттік қатысу үлесу азайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, еңбек және тауар нарығын реттеуді дамыту, сауда және экономиканы әртараптандыру шараларын жылдамдату қажет екені де баса айтылды.

Бұған дейін сайтымызда "Ұлттық Банк жүргізген сауалнамада макроэкономикалық көрсеткіштер нашарлату тұрғысында қайта қаралды" деген материал жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар