ҚР Ұлттық Банкінің сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесі жарияланды. Онда кейбір көрсеткіштер нашарлату тұрғысында қайта қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұнай бағасы мен экономикалық өсім
2025 жылдың мамыр айында сауалнамаға қатысқан сарапшылар мұнай бағасына қатысты сценарийлік шарттарды қайта қарады.
Оған сәйкес, 2025 жылғы Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің медианалық бағасы 75,0-тен 69,3 АҚШ долларына дейін төмендеді. 2026 және 2027 жылдарға арналған күтулер тиісінше 66,0 және 66,2 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтанды.
Қазақстан экономикасының 2025 жылға арналған өсім қарқыны бойынша болжамдары 4,7%-тен 5,0%-ке дейін жоғары қарай қайта қаралды. 2026 және 2027 жылдарға арналған күтулер алдыңғы болжамдағы деңгейде өзгеріссіз қалды: тиісінше 4,5% және 4,3%.
Валюта бағамы
2025 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық валютаға шаққанда 1 АҚШ долларының бағамы орташа шамада 513,9 теңге (алдында 510 теңге делінген), 2026 жылы 540 теңге (алдыңғы болжамда - 532 теңге және 2027 жылы 550 теңге болады деп күтіледі.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
Сауалнамаға қатысқандар сарапшылардың инфляциялық күтулер бойынша болжамы жоғарылау үрдісін жалғастыруда. Осылайша 2025 жылға арналған болжам 10,6%-тен 10,7%-ке, 2026 жылға – 9,0%-тен 9,4%-ке, 2027 жылға – 6,1%-тен 6,8%-ке дейін көтерілді.
Инфляция бойынша болжамдардың өзгеруіне байланысты базалық мөлшерлемеге қатысты күтулер де қайта қаралды.
Базалық мөлшерлеме бойынша 2025 жылдың соңына арналған медианалық болжам 15,9%-тен 16,3%-ке дейін, 2026 жылға – 14,3%-тен 14,5%-ке дейін, 2027 жылға – 11,5%-дан 12,0%-ға дейін көтерілді.
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 14 ұйым қатысты. Респонденттердің арасында нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер де бар.
Еске салатын жайт, макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары қамтылмаған. Ол Қазақстандағы және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікіріне, бағалауларына және күтулеріне шолу түрінде беріледі.