Wildberries маркетплейсі логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдан зардап шеккен сатушыларды қолдау мақсатында қосымша жеңілдіктер енгізді. Енді WB Банк пен WB Finance микроқаржы ұйымы арқылы несие немесе қарыз алған кәсіпкерлер үш ай бойы төлем жасаудан босатылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шара шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған.
"WB Банк пен WB Finance микроқаржы ұйымы логистикалық орталықтарға жасалған шабуыл салдарынан тауар қоры мен қызметіне зиян келген сатушыларға несие демалысын ұсынды. Барлық несие мен қарыз бойынша негізгі қарызды өтеу және сыйақы есептеу үш айға тоқтатылды. Осылайша кәсіпкерлер келесі төлемдерін тек қазан айының соңында жүргізеді", – деп хабарлады компания.
Сондай-ақ жеңілдік автоматты түрде қосылғандықтан, сатушылардан өтініш беру немесе қандай да бір құжат ұсыну талап етілмейді. Бұл туралы ақпарат олардың жеке кабинеттерінде көрсетілген.
Ал несие төлемін бұрынғы кесте бойынша жалғастырғысы келетін кәсіпкерлер жеке кабинетіндегі арнайы батырма арқылы бұл қызметтен бас тарта алады немесе қолдау қызметіне жүгіне алады.
Компания ірі бизнес өкілдеріне қатысты қолдау шаралары әр кәсіпорынның жағдайына қарай жеке қарастырылатынын мәлімдеді.