Валюта нарығындағы күрделі жағдай: Қазақстанда рубль артып, доллар бағамының құбылуы байқалады

Ришат Асқарбекұлы 03 жел. 2025 12:13

Соңғы 1–2 жылда Қазақстан валюталық нарығында күрделі және ерекше жағдай қалыптасты. Қазақстан Ұлттық Банкі теңгенің тұрақтылығын сақтау мақсатында белсенді интервенциялар жүргізуін доғарар емес. Сонымен бірге нарықта Ресей рублі қолма-қол түрінде көптеп айналымға түсіп, валюта ағымында дисбаланс қалыптасты дейді, мамандар.

Қаржы сарапшысы Жалғасбек Ақболат Dalanews.kz ақпарат агенттігіне валюта нарығындағы күрделі жағдайға қатысты пікір білдірді.

Валюта динамикасы — тек айырбас бағамына ғана емес, сонымен қатар сыртқы сауда үлгісіне, импорт-экспорт балансына, ішкі экономикалық құрылымға да әсер етеді. Сондықтан “рубль артады, доллар құбылады, теңге қорғалуы керек” деген кобинация қаржыгерлер назарынан тыс қалған емес. Бұл сала жүйелі саясат пен сыртқы тәуелділікті қайта қарауды талап етеді, дейді Жалғасбек Ақболат.

“ішкі нарықта рубльдің тым артық болуына байланысты айтсам, 2024-2025 жылдары қолма-қол рубльге сұраныс көп болды. Бұл бізге қалай әсер етіп отыр? Ресейдің рубльне сұраныс артса, бізде импорттың бағасы арзандайды. Екінші жағы көлеңкелі экономиканың күшеюіне соқтырады. Тиісінше Ресейден келетін импортқа тәкелділік басым болып отыр. Бұл – қазақстандық өндіріс пен ішкі өнімдердің тауар айналымына кері әсерін береді. Банктерде рубль көбейсе, олар да долларды сатпауға тырысады. Өйткені рубльді ұстап, долларды көптеп сату - тәуекелі басым қадам”,- дейді қаржыгер.

Нарықтағы жағдайға қарасақ 2025 жылғы күзде рубль теңге айырбасы — 6.6 теңге шамасында тіркелді. Дегенмен, валюта нарығындағы үйлеспеушілік тек бағамда ғана емес, нақты, яғни қолма-қол рубль (банкноталар) нарықта көбейді, тиісінше безнал (банктік айналымда) рубль тапшылығы байқалған.

“Әлбетте рубльдің санкцияда екенін қаперден шығармау керек.
Экономиканың ұсынысы мен сұранысына сәйкес көп банктер долларға деген ұсынысты азайтуы керек. Жалпы рубльді қабылдаудың лимитін қою, белгілі бір көрсеткіштен асырмау сияқты қадам жасау маңызды. Бірақ импорттаушылар, әсіресе Ресеймен қатынасы бар фирмалар контракттерді рубльмен төлеуге мәжбүр, сол үшін безнал рубльге сұраныс бар. Қолма қолсыз рубль тапшылығы болғанымен, айырбас бағамы жоғары қалып отыр”,- дейді сарапшы Жалғасбек Ақболат.

Ресей рублі формальды түрде артық болса да, ол ресми, заңды экономикалық айналымда толық пайдаланылмайды. Көп бөлігі көлеңкелі айналым, шетелден келетін қонақтар, шекаралық сауда немесе бірден басқа валютаға айырбастау үшін қолданылады. Бұл Қазақстан үшін экономикалық актив емес, тек өтпелі құбылыс. Осындай дисбаланс рубльдің тұрақсыз актив екенін көрсетеді, деп отыр мамандар.

Жалғасбек Ақболат доллар бағамына қатысты да өз болжамдарын алға тартады. Ұлттық банк интервенциялары — “өрт сөндіру құралы ма, әлде уақытша қорғаныш па? Сарапшыға осы сауалды қойдық.

Ұлттық банк 2024–2025 жылдары теңге бағамын ұстап тұру үшін жиі интервенциялар жүргізіп келеді. Мысалы, 2025 жылғы шілдеде нарықтағы төмен ликвидтілік пен спекулятивті қысымға қарсы — $125.6 млн көлемінде интервенция жасалғаны хабарланған еді. Оның мақсаты — доллар - теңге курсының күрт ауытқуынан, әлеуметтік-экономикалық шоктардан сақтану және нарыққа қажетті ликвидтілікті қамтамасыз ету екені түсінікті. Интервенциялар валюта нарығындағы құбылмалылықты қысқа мерзімде бәсеңдетуге көмектеседі. Бұл әлеуметтік шиеленіспен, халықтың салымы, несие, бағамды тұрақтандыру, импорт бағаларына ырық берумен күресте маңызды.

“Алайда, бұл — уақытша шешім. Ұзақ мерзімде интервенцияларға арқа сүйеу резервтерді сарқып, тәуекелдерді арттырады. Резервтегі қорға қол сала беру - бізге үлкен тәуекел. Пандемиядан кейінгі жылдары резервті өте қарқында түрде пайдаланып жатырмыз. Болашақ қорды қазір жағып жатырмыз. Интервенцияның тиімді жағы да бар. Ол бір хаусқа жол бермейтін, өрт сөндіруге өте қолайлы. Бірақ ұзақ мерзімде ақтап алатын әрекет боп табылмайды. 2015 жылдан бастап қолға алынды, бірақ 2020 жылдан бері қарқынды түрде жүзеге асып жатыр”,- дейді қаржыгер маман Жалғасбек Ақболат.

Экономистер интервенциялар валюталық шоктар мен сұраныстың құрылымдық мәселесін, мысалы, рубльге, импортқа тәуелділікті шешпейді. Егер сыртқы шарттар қиындаса, айталық мұнай бағасының түсуі, әлемдік сұраныстың төмендеуі, санкциялардан қашуға интервенция жеткіліксіз болуы мүмкін.

“Доллардың оптимистік болжамын 480-510 теңге көлемінде қарасақ, мұнай бағасы жоғары болады. Экспорт көлемі өседі. Ұлттық банк тұрақты түрде өз леквидтілігін қамтамасыз етеді. Әрбір валюта өз нормасында өз шегіне сәйкес тұрақтайды. Бірақ бұл қиын. Қазір рубль көп, долларға интервенция жасалып отыр. Енді мемлекет 2026 жылы салықтық түсімдер артады деп болжап отыр. Бірақ биыл салықтық түсімдер жоспарды орындамаған. Себебі салық қанша көтерілсе, оның да түсімі азаяды. Бұл сондай экономикалық құбылыс. Жоспар бойынша қазір 3 трлн теңге профицит болып тұр. Шын мәнінде біз дефицит, қаржы тапшылығын көреміз. Сондықтан нарықтық болжамдар доллар жаңа жылға дейін 500-540 арасында құбылуы мүмкін. Әрине мұны ұстап тұру үшін ҰБ тұрақты түрде интервенция жасап отырады”,- дейді Жалғасбек Ақболат.

Енді пессимистік болжамға келсек, АҚШ доллары 550-610 теңге арасында құбылуы кәдік. Бұл дәліздің арасына жақындаса,
мұнай бағасының төмендеуі, экспорттан келетін кірістердің азаюы, Ұлттық банк валюта сатуды қысқартса, бізде осы жоғарыда айтылған пессимистік сценарий орындалады. Қорыта айтқанда рубльге тәуелділікті азайтып, валюталық саясатты қайта қарау маңызды дейді мамандар.

Ришат Асқарбекұлы, журналист.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар