Қазақстанда әуе жолаушыларының құқықтарын қорғау күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанда әуе жолаушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды өзгерістер талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, 2020 жылы қабылданған бірқатар нормалар авиакомпаниялардың мүддесін ғана қорғап, жолаушыларды таңдау құқығынан айырған.
Атап айтқанда, «қайтарылмайтын билет» ұғымы заңда бекітіліп, билеттің бағасына қарамастан, қаражатты қайтармауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, әуе компанияларына қатысты тұтынушылардың шағымдары тексеруге негіз бола алмайтын. Бұл сала іс жүзінде мемлекеттік бақылаудан тыс қалды.
Алайда қоғамдық талқылаулар нәтижесінде 2023 жылы әзірленген жаңа заң жобасынан бұл нормалар алынып тасталды. Жоба Үкімет пен Президент Әкімшілігінің қолдауына ие болғанымен, әлі күнге дейін салалық лоббистердің қарсылығына байланысты тоқтап тұр.
Жақында депутат әуе жолаушыларының құқықтары бойынша Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевпенкездескен. Кездесу барысында министр азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар ұсынысты қолдаған. Олардың қатарында:
– нақты жеңілдікпен сатылған билеттерге ғана шектеулі айыппұл қолдану;
– овербукинг үшін жолаушыларға өтемақы төлеу;
– рейс кешіккен жағдайда билетті айыппұлсыз қайтару;
– ваучерлерден толық бас тартып, ақшаны 7 күн ішінде қайтару;
– рейс кешігуі мен қызмет сапасына автоматты өтемақы енгізу бар.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, мақсат – тыйым салу емес, авиакомпаниялардың жауапкершілігін арттыру және жолаушының нақты таңдау құқығын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда заң жобасының соңғы нұсқасы пысықталып жатыр. Құжатты осы көктемде қабылдау жоспарланған.
