Умраға бірнеше рет баруға мүмкіндік беретін жаңа виза іске қосылды

Умраға бірнеше рет баруға мүмкіндік беретін жаңа виза іске қосылды
ulysmedia

Сауд Арабиясының Қажылық және умра істері министрлігі умра қажылығын өтеуге арналған бір жылдық көп мәртелік визаны енгізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа виза иелеріне берілген күннен бастап 365 күн ішінде Сауд Арабиясына бірнеше рет кіруге мүмкіндік беріледі. Виза қолданылатын бүкіл мерзімде елде жалпы 90 күнге дейін болуға рұқсат етіледі.

Министрлік мәліметінше, бұл жаңашылдық қажылардың сапарын жеңілдетіп, сапар уақытын оңтайлы жоспарлауға жағдай жасайды. Елде болу мерзімі жинақтау қағидатымен есептеледі. Яғни әрбір кіру кезінде нақты болған күндер жалпы 90 күннен шегеріледі.

Әр сапар алдында қажылар Nusuk платформасы арқылы аккредиттелген қызмет көрсетушілердің бірінен қызмет пакетін сатып алып, сондай-ақ, осы атаудағы мобильді қосымша арқылы умра жасауға алдын ала рұқсат рәсімдеуі керек. Барлық талап орындалған жағдайда ғана елге кіруге рұқсат беріледі.

Министрлік әр жолы елден шыққаннан кейін визаның күші уақытша тоқтатылатынын, келесі сапар алдында қажет ұйымдастыру рәсімдері аяқталған соң қайта іске қосылатынын мәлімдеді.