Биыл еліміздегі барлық балаға екінші рет Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Есепті жылы барлық балаларға бірдей сома есептеліп, оның бір балаға шаққандағы мөлшері 129 АҚШ доллары 38 центті құрады. Ал алғашында, 2024 жылы бір балаға 100,52 доллардан аударылған. Кәмелет жасқа толғаннан кейін шотындағы ақшаны бала тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білімін жетілдіру мақсатында пайдалана алады, деп жазады Dalanews.kz.
"2024 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға, 2006 жылы туған балаларды қоспағанда, 2025 жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Нәтижесінде бағдарламаға 2 жыл қатарынан қатысқан баланың нысаналы жинақтары 232 АҚШ доллары 94 центіне жетті", делінген БЖЗҚ-ның есеп-қисабында.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы іске қосылған 12 ай ішінде "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) шамамен 6,30 млн АҚШ долларына 62 697 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 3,63 млн астам АҚШ долларына 36 119 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 2,67 млн АҚШ долларына 26 578 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.
Бұған дейін қаңтарда БЖЗҚ шығынға ұшырап, қазақстандықтардың шотындағы ақша күрт азайғанын жазған болатынбыз.