Каспийдегі итбалықтар мен аққулардың өлексесі: мамандар мәлімдеме жасады

Каспийдегі итбалықтар мен аққулардың өлексесі: мамандар мәлімдеме жасады
Фото: https://t.me/Zanamiviehali/21357

Каспий жағалауынан табылған өлі итбалықтар мен аққулардан қауіпті ауру белгілері анықталған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.

"За нами уже выехали" телеграм арнасының мәліметінше, мамандар сәуір айында табылған жануарлар өлекселеріне зертханалық тексеру жүргізген. Алдын ала қорытындыға сәйкес, су мен жануарлар денесінен қауіпті инфекциялар да, зиянды заттардың шамадан тыс мөлшері де табылмаған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мұндай жағдайлар Каспийде бұрыннан кездесетінін айтты. Оның сөзінше, итбалықтар мен құстардың қырылуына табиғи құбылыстар, соның ішінде жер сілкінісі кезіндегі газ бөлінуі әсер етуі мүмкін.

"Көбіне теңіз жағалауына шығып қалған өлекселер әбден бұзылып кеткен күйде жатады. Біз үнемі сынама алып, зерттеу жүргіземіз. Бірақ әзірге ешқандай жұқпалы ауру анықталған жоқ", – деді Бердалин.

Ал экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев су құрамынан да зиянды заттардың мөлшері шектен аспағанын мәлімдеді.

Еске салайық, 7 сәуірде Түпқараған ауданындағы Каспий жағалауынан 191 итбалықтың өлексесі табылған еді.