Ұлттық Банк АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен келісіп, ескі доллар мәселесін шешті

Кәмшат Тілеухан 04 ақп. 2025 14:01 409

Бүгін, 2025 жылы 4 ақпанда Ұлттық Банктің ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын сатып алу мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады. Сөйтіп реттеуші орган бұл ретте тікелей АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен "ескі ақшаны" қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін жариялады, деп жазады Dalanews.kz.

Айта кетсек, ескі үлгідегі АҚШ долларына қатысты жағдай Қазақстанда өзекті бола бастағанына біраз болды. Өйткені жылы ескі "ақ долларды" банктердің басым бөлігі қабылдауды доғарған немесе нарық құнынан арзанға сатып ала бастады. Бұл жағдайға Ұлттық банк араласып,  екінші деңгейдегі банктер мұндай купюраларды қабылдауға міндетті екенін, содан кейін олардан оны өзі сатып алатынын мәлімдеген еді. Алайда, кейіннен белгілі болғандай, Ұлттық Банктің өзі мұндай валютаны қабылдауда 1% комиссия алатын болып шықты. Бұл ретте Ұлттық Банк мынаны хабарлайды:

"2024 жылы Ұлттық Банк сұраныстан тыс қалған ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын кейін шетелге шығару үшін екінші деңгейлі банктерден сатып алу туралы шешім қабылдады. Шетелдік контрсеріктестердің нарықтық бағамы негізінде комиссиялық сыйақы белгіленді. Өткен жылдың соңында Ұлттық Банк 48 млн АҚШ доллары сомасына ЕДБ-дан қабылданған сұраныста жоқ қолма-қол АҚШ долларларын шығарды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Ұлттық Банк тікелей АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл өз кезегінде тасымалдау, сақтандыру секілді басқа да потенциалды шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша аталған операциялар бойынша комиссиялық сыйақы 0,3%-ға дейін төмендетілді".

Яғни, бұл арада комиссия мөлшерлемесі 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендетілді. Осы жағынан алғанда, Ұлттық Банк ескі купюраға қатысты мәселені белгілі бір деңгейде шешті деп айтуға болады.

Сұраныста жоқ жиналып қалған қолма-қол АҚШ долларларының мәселесін шешу үшін Ұлттық Банк бұл операцияларды ЕДБ-ның тиісті сұрау салуына сәйкес уақытша шара түрінде жүргізетінін де нақтылайды.

Бұған дейін сайтымызда: "Жоқ емес, бар, бірақ ескісі. Елімізде доллар сатып алғысы келгендер абдырап қалды" деген мақала жарияланған еді. Шетелде ескі долларды еш жер қабылдамайтыны белгілі болып отыр. Бастапқыда, 2003 және 2006 жылдары шыққан 100 және 50 долларлықтар "керексіз болса", енді 2009 жылғысына да көшкен. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар