Елімізде ақша айырбас орындары доллар сатып алғысы келетін азаматтарға, көбінесе ескі купюрадағысын өткізуге тырысады екен. Ал онымен шетелге шықсаңыз, біттім дей беріңіз. Өйткені, кейбір мемлекеттер ескі долларды қабылдамайды, деп жазады Dalanews.kz.
Мұндай жағдаймен, ең бірінші рет, басында шетелде жүрген ресейлік азаматтар бетпе-бет келген. "Ресейліктер долларын өткізе алмай неге әлек" деп мақала да жазған болатынбыз сол кезде. Жалпы, жаз айынан бастап Ресейде доллар банкнотын өткізу қиындаған.Ресейліктердің тек ел ішінде ғана емес, шетелде де америкалық валютаны өткізе алмай әуреге түсіп жататын кездері болады. Шетелде бұл ретте "ақшаң мыжылып қалған" немесе осыған ұқсас тағы басқа себептерді алға тартатын көрінеді. Бұған қатысты түсініктеме берген РФ Қаржы министрлігі "бұл арада мәселе америкалық валютада емес, Ресей азаматтығында екенін" айтқан. Ведомство бұл түрімен шетел банктері алда Ресей азаматтарына қызмет көрсетуді мүлде доғаруы мүмкін деп топшылайды. Сол себепті министрліктің өзі ел азаматтарына долларды рубльге айырбастап, ал жинақты банк депозитінде сақтауға кеңес берген. Бұл Ресейге қатыстысы.
Ал жақында Түркияда да ескі долларды еш жер қабылдамайтыны белгілі болды. Бастапқыда, 2003 және 2006 жылдары шыққан 100 және 50 долларлықтар "керексіз болса", енді 2009 жылғысына да көшкен. Түркияның Орталық банкі мұны елде жалған ақшалардың көбейіп кетуімен түсіндіреді.
Бізде доллар қымбаттағанда "Қазақстанды ақша айырбас орнына айналдырды" деген айыпқа ұшыраған ресейліктер "ескісін" сол кезде бізге "тықпалап кетті ме", бір Құдай білсін?! Білетініміз, ақша айырбас орындарында бүгіндері жаңа доллар тапшы бола бастаған.
"Бірнеше күн болды, доллар сатып ала алмай жүрмін. Ақша айырбас орындарында доллар жоқ емес, бар, бірақ көбісі ескі 100 долларлықтарды ұсынады. Ал мен ұшып бара жатқан елде ескіні қабылдамайды немесе арзанға алады, бұл өзі ғаламдық құбылыс…", деп жазыпты экономист Олжас Байділдинов өз арнасында.
Сөйткен ол бұл мәселе шешіміне құзырлы органдардың назарын аудартады.
Ал KASE-де доллар құны әлі төмендеп жатыр. 1 АҚШ долларының таңертеңгі ресми бағамы 510,08 теңге болса, ал кешкі сессияда ол 1,50 теңгеге тағы арзандап, 508,05 теңге деңгейінде қалыптасты.