Қазақстанда зейнетақы жинағын алуға қатысты жеткіліктілік шегі 80%-ға дейін өсуі мүмкін

Қазақстанда зейнетақы жинағын алуға қатысты жеткіліктілік шегі 80%-ға дейін өсуі мүмкін
gov.kz

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленетін жеткіліктілік шегі қайта қаралады. Жаңа талаптар ай соңына дейін бекітіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ұлттық жұмыс берушілер қауымдастықтарының алғашқы форумынан кейін журналистерге айтты.

Министрдің сөзінше, жаңа шектер азаматтардың жас ерекшелігіне қарай есептеледі.

“Онда әртүрлі болады. 23 пен 35 жас аралығы және 35 пен 63 жас аралығы бойынша қарастырылады. Жеткіліктілік шегінің өсуі шамамен 79%-ға дейін болады”, – деді Ертаев.

Оның айтуынша, қазір Еңбек министрлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірлесіп есептеулер жүргізіп жатыр.

Жаңа есептер мен нақты көрсеткіштер ай соңына дейін жарияланады.