Қазақстанда электр энергиясының импорты 46 еседен астам өсті

Қазақстанда электр энергиясының импорты 46 еседен астам өсті
ЖИ: Dalanews.kz

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда электр энергиясын өткізу көлемі айтарлықтай артқан. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседен көп өскен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Атап айтқанда, 2025 жылдың алғашқы үш айында электр энергиясын өткізу көлемі 33 055,7 млн кВт/сағат болса, биыл бұл көрсеткіш 67 482,2 млн кВт/сағатқа жеткен.

Сонымен қатар электр энергиясының импорты да күрт өскені байқалады. Егер былтыр импорт көлемі 744,3 млн кВт/сағат болса, 2026 жылы ол 34 413,8 млн кВт/сағатқа дейін ұлғайған. Осылайша импорт көлемі 46 еседен астам артқан.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі 2026 жылдың алғашқы үш айындағы электр энергиясы өндірісі мен тұтыну көлемі туралы есеп жариялаған еді.

Министрлік мәліметінше, осы кезеңде елде 33,7 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Ал тұтыну көлемі 33,6 млрд кВт/сағат болған.

«Осылайша электр энергиясын өндіру көлемінің профициті 100 млн кВт/сағат деңгейінде қамтамасыз етілді», – делінген министрлік хабарламасында.