Құрбан айт мерекесі қарсаңында Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға ветеринариялық және санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Департамент басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, талаптарды сақтау жұқпалы аурулар мен тағамнан уланудың алдын алуға көмектеседі.
Ол мал сою тек ресми бекітілген арнайы орындарда жүргізілуі тиіс екенін айтты. Ал тұрғын үйлердің аулаларында немесе көпқабатты үйлер маңында мал союға тыйым салынған.
Маман етті міндетті түрде салқын жерде сақтау қажет екенін еске салды. Сонымен қатар оның балғындығын тексеріп, тағамды толықтай пісіріп пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Биыл Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді.
Сондай-ақ заңсыз мал сою фактілері анықталған жағдайда тұрғындардан 102 нөміріне хабарласу сұралды. Бұдан бөлек, онлайн форматта құрбандық шалуға мүмкіндік беретін арнайы сервис те қолжетімді екені айтылды.