Өткен демалыс күндері қазақстандықтар банк карталарымен төлем жасау және банктер арасындағы аударымдар кезінде қиындықтарға тап болған. Мәселен, төлемдер екі рет алынған немесе төлем құрылғысы "қатып тұрып алған", ал кейбір дүкендер онлайн төлем қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған. Аталған ыңғайсыз жайтқа қатысты Ұлттық Банк түсініктеме берді, деп жазады Dalanews.kz.
Ұлттық Банк 1 ақпанда банкаралық төлем карточкалары жүйесінде сағат 21.49-дан бастап инфрақұрылымның жекелеген элементтерінің жұмысындағы іркілістерге байланысты қысқа мерзімді техникалық ақаулар байқалғанын растады.
Көп ұзамай ұлттық төлем корпорациясының мамандары жүйедегі ақауды жойып, жұмысты толығымен қалпына келтірді. Ұлттық Банк банктер барлық дұрыс өңделмеген транзакциялар бойынша мәселені жедел шешкенін нақтылайды.
"Халықаралық төлем картасы жүйесіндегі ақау барлығы 1415 операцияға әсер етті, карта ұстаушылар қаржылық шығынға ұшыраған жоқ", деп сендіреді Ұлттық Банк.
Бұған дейін 2024 жылы қазақстандық төрт банктің акционерлері құрамында ауыс-түйіс болғанын жазған едік.