Үлкен Алматы айналма автожолымен жүру ақысы екі есеге қымбаттайды

Үлкен Алматы айналма автожолымен жүру ақысы екі есеге қымбаттайды
ҚР Көлік министрлігі

16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (БАКАД) жүру тарифтері екі есеге өседі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанның Көлік министрлігі қолданыстағы ақылы жолды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа тарифтер ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Жаңа тариф бойынша жеңіл автокөліктер үшін бір реттік жол жүру ақысы 605,5 теңгені құрайды. Бұған дейін бұл санаттағы көліктер 302 теңге төлеп келген. Ал автобустар мен жүк көліктері үшін төлем мөлшері көлік түріне қарай 692 теңгеден 1903 теңгеге дейін белгіленді.

Атап айтқанда, 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері 692 теңге төлейді. 32 орынға дейінгі автобустар мен 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін тариф – 1211 теңге. Ал 32 орыннан жоғары автобустар мен 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін жол ақысы 1384 теңге болады. Жүк көтергіштігі 10-15 тонна аралығындағы көліктер 1730 теңге, ал 15 тоннадан асатын жүк көліктері мен тіркемелі техникалар 1903 теңге төлейді.

Сонымен қатар айлық және жылдық абонементтердің құны өзгеріссіз қалады. Айлық абонемент жеңіл көліктер үшін 2162 теңге болса, көлік түріне қарай 10 812 теңгеге дейін барады. Ал жылдық абонемент құны 21 625 теңгеден басталып, ауыр жүк көліктері үшін 108 125 теңгеге дейін жетеді.

Жүргізушілер үшін 50 пайыздық жеңілдік те сақталады. Ол жол ақысын учаскеге кірмей тұрып алдын ала төлегенде немесе жолдан өткеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде өтеген жағдайда қолданылады.

Айта кетейік, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы 2023 жылдың маусымында пайдалануға берілген. Ұзындығы 66 шақырым болатын ақылы айналма жол Алматы қаласын айналып өтуге мүмкіндік береді және транзиттік көлік ағынын азайтуға бағытталған.