Үлеске талас: Еуразиялық қаржылық компания акционерлерінің жиналысын сот өткізбей тастады

Кәмшат Тілеухан 22 қыр. 2025 15:05

Марқұм Александр Машкевичтің үлесі мен Шодиевтің Ибрагимовтермен күресіне қатысты 19 қыркүйекке жоспарланған Еуразиялық қаржылық компаниясы акционерлерінің жиналысын сот болдырмай тастады, деп хабарлайды Dalanews.kz "Ручная экономика" Telegram арнасына сілтеме жасап.

Дереккөздің хабарлауынша, жиналысты өткізуге компанияның 33% акциясына иелік ететін Патох Шодиев басшылық еткен. Алайда мәселеге сот араласып, бұл жиын өтпей қалған.

Директорлар кеңесі 30 шілдеде кезекті жиналысты қыркүйекте өткізуді жоспарлаған болатын.

Жиында екі негізгі мәселені қарастыру жоспарланған болатын:

  1. қоғам құрамын анықтау, онда да саны жағынан (мүмкін акционерлердің немесе директорлар кеңесінің құрамындағы алдағы өзгерістерге байланысты);
  2. өткен жылдардағы жинақталған табысты дивиденд түрінде төлеу үшін бөлуді.

Сол күні, 30 шілдеде компания директоры ауысқан болатын: Инесса Кимнің орнына Еуразиялық банктің бұрынғы тәуелсіз директоры Жанбота Бекенов келген еді.

Айтқандай, компанияда дүдамал жағдай әлі де сақталуда: үшінші акционер – Александр Машкевич қайтыс болғаннан бері жарты жылға жуық уақыт өтті, бірақ оның үлесіне кім мұра болғаны әлі белгісіз.

Еуразиялық қаржылық компания айналасындағы жағдай сот төңірегіндегі дау-дамаймен шиеленісе түсуде.

"Алматы соты Муниса Шодиева, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимовтың талаптарын бір өндіріске біріктірді. Бұрын акционерлер жиналысын жасауға Ибрагимов жол бермей келгені белгілі, ал Шодиев оларды шақырумен әлек", делінген хабарламада.

Наурыз айында Bloomberg басылымы Машкевич пен Шодиев "еуразиялықтардың" қаржылық активтерін кәсіпкер Тимур Тұрловқа 1 миллиард долларға сатуды жоспарлап отырғанын жазған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық қаржы компаниясының акционерлері арасында жанжал бұрқ еткен. Патох Шодиев директорлар кеңесінің шешімдерінің күшін жоюға ұмтылып, акционерлердің кезектен тыс жиналысына бастамашы болуда. Дауға жаңа тараптар – компанияның өзі және Шодиевтің қызы да араласуда. Компания акционерлерінің ішкі қақтығысы және тәуекелдерді басқарудағы бұзушылықтар реттеуші органның назарына ілікті. ҚНРДА бұл жайт банктің қаржылық тұрақтылығы мен клиенттердің сеніміне әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Кейінірек сот компанияның тең иесі Патох Шодиевке Директорлар кеңесінің шешімдерін жарамсыз деп тану және моральдық залал үшін 1 миллион теңге өтемақы өндіріп алу туралы талап-арызын қанағаттандырмағаны белгілі болды. Сондай-ақ оның қызы Муниса Шодиеваның Шухрат Ибрагимов пен тәуелсіз директор Андрей Коповқа қарсы шағымдары да қараусыз қалдырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар