Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды. Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысындай осылай дей келе, экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде БЗЖҚ-дан нарық шарттарына сай "ұзақ мерзімге берілетін" қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болатынын айтты, деп жазады Dalanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді.
"Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек. Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай "ұзақ мерзімге берілетін" қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Ұлттық қор қаржысынан іске асырылатын жобаларды бағалаудың жаңа тетігін таныстырған болатын. Оның айтуынша, бұл тетік іске қосылып, өз тиімділігін танытса Ұлттық қордан уыс-уыс ақша алу тыйылатын көрінеді. Сондай-ақ Президент банктердің мемлекеттен алған 15 жылдық қарызын қайтаруға міндетті екенін қадап айтқан еді.